Астанада «Білім беру ұйымдарында конституциялық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында қалалық форум өтті. Іс шараға 300-ден астам қатысушы қатысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық санасын дамыту, білім беру жүйесінде конституциялық құндылықтарды дәріптеу, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеу, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын насихаттау.
Форумға Парламент сенаты мен мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, колледж оқытушылары мен ұстаздар қатысты.
Атап айтқанда, іс-шараға сенат депутаты Амангелді Есбай, мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек, Ислам Сұңқар, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, қоғам қайраткері әрі кәсіпкер Тәңірберген Дәулет, Астана халықаралық университетінің профессоры Ләзат Нұрсұлтанова және ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі Динар Нөкетаева қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті нығайту, жастардың конституциялық құндылықтарды терең меңгеру, азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Бұл – білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті нығайтуға және конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
