Астанадағы мектептердің бірінде жоғары класс оқушысы бұрын осы оқу орнында оқыған таныс қызбен бірге кластардың біріне газ баллонын шашқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, бұл әрекет бұзақылық ниетпен жасалған. Оқиға кезінде класта болған оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген. Құқық бұзушылыққа қатысы бар кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олардың әрекеттеріне заң аясында баға берілген.
Тексеру барысында газ баллонын қолданған жасөспірімнің бұған дейін де бірнеше рет үйінен себепсіз кетуіне байланысты профилактикалық есепте тұрғаны белгілі болды. Оқиғадан кейін білім беру мекемесінде профилактикалық кеңес өткізіліп, жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданып, қосымша шаралар қаралатын болады. Сонымен қатар ата-аналар балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған, — делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді жай еркелік емес, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін қасақана іс ретінде бағалайтынын атап өтті. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың мінез-құлқына бейжай қарамау қажеттігі ескертілді.
