Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханға қатысты істің мән-жайын түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде блогердің ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа байланысты бұрын қаралған қылмыстық іс қайтадан назарға алынған. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы істің мән-жайын түсіндіріп берді.
Бұл оқиға 2021 жылы болған. Сол кезде мен Алматы қаласы Наурызбай ауданы прокуратурасында мемлекеттік айыптауды қолдау бөлімінің бастығы қызметін атқардым. Аталған іс бойынша мемлекеттік айыптаушы болған жоқпын. Алайда қылмыстық істің материалдары мен сот үкімін зерделедім. Істің қысқаша сипаттамасы мынадай: жәбірленуші Алматыдан баспана сатып алмақ болып, 1,5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем жасау үшін Тараз қаласынан келген. Бұл туралы оның танысы біліп, Әділетхан Молдаханмен бірге қылмыстық жоспар құрған. Олар жәбірленушіні жолда күтіп алып, жол-көлік апатын ұйымдастырған. Содан кейін ашық түрде 1,5 миллион теңгені тартып алған. Кейін күдіктілер ұсталды. Оларға қатысты қамауға алу шарасы қолданды, – деп түсіндірді Дидар Қабаев.
Оның айтуынша, іс қаралып жатқан кезде айыпталушылар өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Тергеу барысында олар кінәларын толық мойындап, келтірілген залалды өтеді. Қылмыстық іс қылмыстық-процестік кодекстің 382-бабына сәйкес, қысқартылған тәртіппен қаралды. Қысқартылған тәртіп кінәні толық мойындауды және талап-арыздарды дауламауды көздейді. Мұндай жағдайда істің барлық материалдары жан-жақты зерттелмейді, тек сотталушылар мен жәбірленушілер ғана жауап береді. Осыдан кейін жарыссөз басталып, сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді. Нәтижесінде сот әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкімге шағым түспеді және ол заңды күшіне енді, – деп мәлімдеді Дидар Қабаев.
Осылайша, Әділетхан Молдахан тонау қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Еске салайық, Әділетхан Молдахан 30 наурызда ұсталған еді. Алғашында оның 10 күнге әкімшілік қамауға алынғаны хабарланған, бірақ қазір бұл мерзім екі айға дейін ұзартылды.
Заңгердің ұсталуына себеп – Алматыдағы әл-Фараби даңғылы көшесінде орын алған қайғылы жол апатына байланысты жариялаған пікірі. Үш адамның қазасынан кейін блогер әлеуметтік желіде видео жариялап, полиция қызметкерлерінің әрекетін сынға алған болатын. Полиция «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
