Қазақстанда жақын туыстардың қатысуымен жасалатын есірткі қылмыстары көбейіп, «отбасылық схемалар» қалыптаса бастаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматыда ағайынды екі жігіт шамамен бір келі синтетикалық альфа-PVP есірткісін тасымалдау кезінде ұсталды. Бұрын сотталған ағасы інісін де қылмысқа тартқан. Тінту барысында олардан қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Ал Алматы облысы аумағында тағы бір ағайынды ұйымдастырған фитозертхана жойылды. Жалға алынған үйде өткізу мақсатында 102 түп марихуана өсірілген. Жалпы салмағы 61 келі болатын есірткі өсімдіктері, сонымен қатар арнайы жабдықтар тәркіленді.
Сонымен қатар Алматы тұрғыны әпкесінің сенімін пайдаланып, оның пәтерінде есірткі сақтаған. Ұстау кезінде 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон табылды.
Қуандық Әлжановтың айтуынша, сәуір айының алғашқы онкүндігінде заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 800 келіден астам синтетикалық түрлері тәркіленген.
Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған деректер бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
