Астанадағы өрттен қаза болған 3 бала жерленді

Не болды?

Астананың Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйден өрт шыққан еді. Әкесі қаза болған үш баласын жер қойнына тапсырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Алапат өрттен тірі қалған тек балалардың анасы — Жанаргүл. 39 жастағы әйелдің халі ауыр. Денесінің 50%-ын күйік шалған. Оқиғадан кейін есін жимаған. Newtimes.kz порталының жазуынша, ол қаралы хабарды әлі білмейді.

Жанаргүл — Қытайдан көшіп келген қандас. Ол аяқ-киім саудасымен айналысады. Үйдің тұңғышы — 13 жастағы Айзере деген ерекше қыз. Үйдің екінші қызы сегіз, ал кенжесі екі жастағы ұл.

Мен Айзеренің дене шынықтыру жаттықтырушысымын. Бүгін балаларды жерледік. Қайғыдан қан жұтқан әкесінің хәлін көрудің өзі ауыр. Айзере кеше ғана анасының жанында жүр еді. Ал енді өкінішке қарай ол жоқ. Анасының тезірек сауығып кетуіне тілектеспін, — дейді Айзеренің жаттықтырушысы Берік Адам.

Контекст

Естеріңізге салайық, Астананың Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза болды. Өрт Түркістан көшесіндегі тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден шыққан. Өрттен күйік алған әйел құтқарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Балалардың анасы жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр.