Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әлем чемпионатындағы дау: Иранның ойындары АҚШ-та өтетін болды

Фото: ©interfax.ru
Иранның АҚШ, Мексика және Канадада өтетін футболдан Әлем чемпионатына қатысу-қатыспау мәселесі төңірегіндегі дау басылмай тұр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Иранның спорт министрі Ахмад Доньямали Иранның топтық кезеңдегі ойындарын АҚШ-та өткізуге қарсы болып, матчтарды Мексикаға ауыстыруды сұраған. Спорт министрі «Иран АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатына қатыспайды» деп қатаң мәлімдеме да жасаған.

Алайда Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Иранның топтық кезеңдегі ойындары Мексикада өтпейтінін мәлімдеп отыр. Оның сөзіне қарағанда, матчтарды бастапқы кезде бекітілген жерден ауыстырмау туралы шешім қабылданған.

FIFA матчтарды бастапқыда бекітілген жерден ауыстырмау туралы шешім қабылдады. Ойындарды ауыстыру ұйымға логистика бойынша біраз қиындық тудырады, — деген Мексика президенті Клаудия Шейнбаум.

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққысын жасап, Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өлтірілді. Осы жағдайдан кейін АҚШ пен Иран арасы ушығып кетті.

Бұған дейін АҚШ президенті Доналд Трамп «Иран құрамасы мундиальға қатыса ма, жоқ па маған бәрібір. Иран тас-талқан болып жеңілген ел деп есептеймін» деп мәлімдеген.

Иран Әлем чемпионатында G тобына түскен. Бұл топта Бельгия, Египет және Жаңа Зеландия бар. Команданың үш матчы да АҚШ аумағында өтеді.