Астанада қоғамдық орындарда тазалық сақтау талаптарын бұзғандар көбейген. Жыл басынан бері 13 мың адам ереже бұзған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері көшелерде, аялдамаларда, саябақтар мен аулаларда қоқыс тастау, темекі тұқылдарын шашу, түкіру және автокөлік терезесінен қалдықтарды лақтыру деректері анықталған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында осы уақытқа дейін 13 мың құқық бұзушы тіркелген. Мұндай әрекеттер қала келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тұрғындардың санитарлық жағдайы мен қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді, — делінген хабарламада.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары маңызды рөл атқарады. Олар қоршаған ортаны ластау фактілерін нақты уақыт режимінде тіркеп, деректерді полицияға жедел жолдайды. Сол арқылы құқық бұзушылар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Полиция тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға шақырып, заң талаптарын бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
