Астанада жыл басынан бері жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықтан бюджетке 10 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, салық берешегі де аз емес. Бүгінгі таңда көлік салығы бойынша қарыз көлемі шамамен 7 миллиард теңге болып отыр.
Мамандардың айтуынша, салықты уақытылы төлемеген жағдайда әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Бұдан бөлек, борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, оларға хабарлама жіберіліп, салық бұйрығы шығарылады, кейін материалдар жеке сот орындаушыларына беріледі.
Егер берешек көлемі 1 айлық есептік көрсеткіштен асса, ол міндетті түрде мәжбүрлі түрде өндіріп алынады. Ал салық бұйрығын орындау мерзімі 30 жұмыс күні болады.
Салық берешегін тексеру үшін азаматтар бірнеше цифрлық сервисті пайдалана алады:
- kgd.gov.kz;
- eGov.kz;
- eSalyq Azamat.
Ал елден шығуға уақытша шектеулердің бар-жоғын aisoip.adilet.gov.kz арқылы тексеруге болады.
