Не болды?
6 сәуірде Қаскелең тұрғыны бір ер адамның кішкентай баланы алып кетпекші болғаны жайлы Threads-тегі жеке парақшасына жазды. Алматы облысы полициясы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Жазба авторының сөзіне қарағанда, оқиға балмұздақ дүкенінің жанында болған. 50-55 жас аралығындағы ер адам баланы алып кетпекші болған. Бала көмек сұрап, айқайлап, жылаған. Ол ер адамды мүлдем танымайтынын айтқан. Ал ер адам бұл өзінің ұлы екенін, баланың үйге кіргісі келмей тұрғанын айтқан.
Сол сәтте ер адам мені ұрып жіберуі де мүмкін еді. Алайда мен баланы алып кетіп бара жатқанына көз жұма қарасам, өзімді ешқашан кешірмес едім. Балаға араша түстім. Ол мені қатты құшақтап алды. Ер адам балағат сөз айта бастағанда полицияға хабарласып жатқанымды айттым. Содан соң ол баланы бірден жіберіп, зытып кетіп қалды, — дейді жазба авторы.

Жазба авторының айтуына қарағанда, сол арада баланың достары үйден туыстарын шақырып келген. Куәгер оларға ер адамның қай жаққа кеткенін айтқан.
Ер адамды суретке түсіріп алмағаныма өкінемін. Бала қатты дірілдеп тұрды, оны тыныштандыруға тырыстым, — дейді Қаскелең тұрғыны.
Полиция не дейді?
Алматы облысы полициясы кәмелетке толмаған баланы ұрлау әрекетін тексерді.
Олар (ер адам мен бала) көрші екені анықталды. Оның үстіне, бұл кәмелетке толмаған бала басқа кішкентай баланы боқтап жіберген. Бұл оқиғадан соң баланың атасы әлгі көршісіне жетіп алмақшы болып, соңынан кеткен. Осы нәрсе пост авторын алаңдатып қойған, — делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесі бойынша, баланың ата-анасы арыз жазудан бас тартты.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қазақстанда зорлық-зомбылық көрген балаларға көмек беретін кабинет ашылады.
