Ақтөбедегі облыстық әкімдік ғимаратында шыққан өрт толығымен сөндірілді. Ірі өрттен кейін қызметкерлер онлайн жұмыс істеуге көшті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар шақырту алғаннан кейін бес минут ішінде оқиға орнына жеткен.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенде ғимараттың әртүрлі бөліктерінде үш ашық жану ошағы байқалған. Өртті сөндіру жұмыстарының қиындығы – оттың үлкен аумаққа таралуы, жанғыш материалдардың болуы, қою түтін, жоғары температура және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктерімен байланысты болған. Өртті сөндіруге 80-нен астам адам және 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Жалпы зардап шеккен аумақ шамамен 300 шаршы метр болды, — делінген хабарламада.
Өңір әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, 8 сәуір күні көптеген мемлекеттік орган қызметкерлері онлайн форматта жұмыс істейді. Бұл шешім олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептерін анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылды.
