Сергеев су қоймасы тасыды: қауіп әлі сейілген жоқ

Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасы тасып, бөгет жотасынан асқан су деңгейі 111 сантиметрге жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, гидрологиялық тораптағы су деңгейі бір тәулікте 26 сантиметрге көтерілген. Ал Сергеевка қаласы маңында Есіл өзенінің деңгейі 2,7 метрге өсіп, 642 сантиметрге жетті. Дегенмен, бұл көрсеткіш қауіпті межеден әлі төмен.

Өңірдің кей аумақтарында су деңгейі керісінше төмендеу үрдісін көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, Есіл өзені бастау алатын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда су деңгейі біршама түскен. Шөптікөл ауылы маңында шамамен 1 метрге, Дружба елді мекені тұсында 38 сантиметрге, ал Тоқсан би ауылы жанында 20 сантиметрге төмендеген. Сонымен қатар шағын өзендерде де бірнеше күннен бері су азайып жатыр. Алайда Есіл ауданындағы Покровка және Николаевка елді мекендерінде өзен суының деңгейі 85 сантиметрге көтерілген, — делінген хабарламада.

Мамандар 6–8 сәуір аралығында Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін екенін ескертіп отыр.