Сергеев су қоймасының су деңгейі түсе бастады

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының су деңгейі өткен бір тәулікте -10 сантиметрге түсті. Ал өңірдегі шағын өзендерде су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, тасқын су Есіл өзенімен Новоникольское елді мекеніне жетті. Бір тәулікте мұнда бірден 494 сантиметрге көтерілді. Покровка ауылының маңында да жағдай әлі күрделі, өткен тәулікте 105 сантиметрге көтерілді. Петропавл қаласында су деңгейінің 125 сантиметрге биіктегені тіркелді. Сергеев су қоймасында су деңгейі біртіндеп түсіп жатыр.

Өткен тәулікте -10 сантиметрге төмендеді. Бірақ екінші толқыны болады. Әзірге қаншаға дейін көтерілетінін айту қиын. Өйткені Ақмолада әлі күнге көтеріліп жатыр, сонымен қатар Астанадан бізге қарай су жіберіп жатыр. Ақмола облысындағы «Каменный карьерде» жақсы көтерілді, бірер күнде ол біздің Тоқсан биде болады. Қазір тасқынға байланысты ең күрделі жағдай Новоникольское елді мекенінде қалыптасқан. Кеше мұнда мұздың кептелісі қалыптасты. Бұл судың көтерілуіне себеп болды. Бүгін тасқын Прибрежное елді мекеніне жетеді деп болжап отырмыз, — дейді филиал директоры Қымбат Мерғалимова.

Өңірдегі шағын өзендерде екінші толқын басталып, су деңгейі көтеріліп жатыр. Мәселен, Гусаковка елді мекені маңында Бабықбұрлық өзені деңгейі 31 сантиметрге, Рузаевкада Шарық өзені 48 сантиметрге, Возвышенка елді мекені маңында Ақанбұрлық 35 сантиметрге көтерілген.

Өңірдегі Тораңғұл көлінің де суы толып жатыр. Өткен тәулікте деңгейі 10 сантиметрге, жалпы су тасқыны басталғалы 101 сантиметрге көтерілді.