Не болды?
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлілер мәртебесі мен лауазымына қарамастан жауапкершілікке тартылатынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Жүргізуші апат кезінде масаң күйде болған. Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіз қалуы мен мемлекеттік нөмірді заңсыз беру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қызметтегі кемшіліктер үшін Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. Министрлік қоғамда тараған барлық мәліметті тексеріп жатыр.
4,8 мыңнан астам жол ережесі бұзылды
Алматыға әр өңірден полиция жасағы келіп, қалада тексеріс жүріп жатыр. Бастапқы күндері 4,8 мыңнан астам жол ережесі бұзылды. Екі мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды, — деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Контекст
Естеріңізге салайық, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшасында әл-Фараби даңғылында адам шығынына әкелген жол апатына байланысты пікір айтты.
