Гвардейск гарнизонында сарбаздың қаза болуына байланысты әскери бөлім ротасының командиріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, биыл 27 қаңтар күні қаза болған сарбаз Е. Рустемұлының өліміне себеп болған жағдайлардың бірі ретінде рота командирінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы анықталған.
Тергеу барысында лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын тиісті деңгейде бақыламағаны белгілі болды. Сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдалану деректері тіркелген.
Қысқа мерзім ішінде қажет дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды. Сонымен қатар сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Аталған іс бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында, — делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, алдын ала тергеу деректері жария етілмейді.
