Түркістан облысында әкесіне жәбір көрсеткен Алмас Садақбаевқа қатысты сот үкімі қайта қаралып, жаза мерзімі ұлғайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұған дейін, 16 қаңтарда бірінші сатыдағы сот үкімімен сотталушы бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда прокуратура бұл жазаны тым жеңіл деп санап, апелляциялық өтініш білдірген.
Алмас Садақбаев дәрменсіз күйдегі әкесіне ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде күш көрсетіп, оны қорлаған. Соның салдарынан қарияның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтірілген. Кейін жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін, сотталушы бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламай, мәйітті өз бетінше жерлеген, — делінген сот хабарламасында.
2026 жылғы 31 наурызда апелляциялық сот үкімді өзгертіп, жаза мерзімін алты жылға дейін ұзартты. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйегінде әлеуметтік желілерде ер адамның қарт әкесін аяусыз соққыға жыққан видеосы тараған. Кейін бұл оқиғаның Түркістан облысы, Шардара ауданы Қоссейіт ауылында болғаны анықталған. Бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі 106-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалды. Мәйітке эксгумация жасалып, сараптама зорлық-зомбылық белгілерін растады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрады. Сонымен қатар оның жұбайына қатысты да жеке іс қаралып жатыр. Ол қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталған.
