Алматыда құрылыс жұмыстарына байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, шектеулер «Алматыда Батыс кәріз коллекторын салу» жобасы аясында жүргізілетін құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты енгізіледі. Жобаны мердігер ұйым – Павлодар өзен порты жүзеге асырып жатыр.
Жұмыстар 2026 жылғы 30 наурыз бен 10 маусым аралығында Алматыдағы Строительная көшесінде, сонымен қатар Наурызбай ауданында Абай даңғылы мен Строительная көшесінің дублері қиылысында өтеді. Осы кезеңде аталған учаскелерде көлік қозғалысына кезең-кезеңімен шектеулер қойылады. Алайда көшені толық жабу жоспарланбаған. Бұл шешім көлік қозғалысын мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған, — делінген хабарламада.

Ауқымды инфрақұрылымдық жоба нәтижесінде ұзындығы 34,9 шақырым болатын Батыс кәріз коллекторы салынады. Жоба Наурызбай және Алатау аудандарындағы 175 мыңнан астам тұрғынды, сонымен бірге Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарындағы шамамен 20 мың адамды орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.
Қала билігі тұрғындар мен қонақтарды уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, жол бағытын алдын ала жоспарлауға шақырады. Қозғалысқа қатысты өзекті ақпаратты 2GIS және Яндекс Карталар қосымшаларынан, сонымен қатар @AlmatyJoly Telegram арнасынан білуге болады, — делінген хабарламада.
