Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойына орай, Алматы тауларының ең көрікті жерлерінің бірінде заманауи «Бұтақты» визит-орталығы ашылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Бұтақты» визит-орталығының ашылуы – тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, еліміздегі экологиялық туризм мәдениетінің жаңа кезеңге өткенін көрсететін маңызды белгі.
Ұлттық парк инфрақұрылымы жаңарып жатыр
Кейінгі жылдары Қазақстанда ішкі туризмге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Әсіресе табиғат аясында демалуға сұраныс көбейген. Осы үрдіске жауап ретінде Іле Алатауы ұлттық паркі мен Turanga Group бірлесіп, туристерге ыңғайлы, заманауи және экологиялық талаптарға сай визит-орталықтар желісін дамытып келеді.
«Бұтақты» орталығының ерекшелігі – табиғатты сақтай отырып, адамға қолайлы жағдай жасау. Мұнда келушілер тек демалып қана қоймай, табиғатты тануға, оны қорғау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Жоба мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігі негізінде жүзеге асқан. Алматы әкімдігі инфрақұрылымды қамтамасыз етсе, QazaqNationalParks туристік бағытты ілгерілетуді қолға алған. Ал инвесторлар жобаның толық іске асуына қаржы құйып, оның сапалы орындалуына жауапты болды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев бұл бастаманың табиғатты қорғау саласындағы маңызын ерекше екенін атап өтті. Себебі мұндай орталықтар тек турист тарту құралы емес, сонымен қатар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды үйрететін алаң.
Біз Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде төртінші орталықты ашып отырмыз. Визит-орталықтың экологиялық туризмді дамытуда маңызды орны бар. Осындай орталықтар келген туристерге ақпарат беріп, бағытын алаңсыз жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінде ұлттық парктерге келушілер саны көбейіп келе жатыр. Жалпы елімізде 14 ұлттық парк, 10 қорық және сегіз қаумал бар. 2022 жылғы статистика бойынша, орталықтарға 2 миллионнан астам турист келсе, 2025 жылғы қорытынды бойынша, келушілердің саны 3,7 миллионнан асты. Туристер қатары көбейген сайын, ұлттық парктер де көбейеді. Ең бастысы, адамдарда экологиялық тәртіп болуы керек, — деді Данияр Тұрғамбаев.
«Бұтақты» визит-орталығында туристерге арналған толыққанды демалыс инфрақұрылымы жасалған: заманауи санитарлық нысандар, шеберлік сабақтарына арналған алаңдар, балаларға арналған бағдарламалар және табиғат туралы танымдық кеңістіктер.
Кешен аумағында Сергей Спицын басқаратын экокафе жұмыс істейді. Бұл жер тек тамақтану орны ғана емес, экологиялық өмір салтын насихаттайтын алаңға айналады.
Туристер ағымы 3 есе артты
Жобаның экономикалық әсері де айқын. Жалпы инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгеге жетіп, 200 тұрақты жұмыс орны ашылған. Мұндай жобалар өңірлік экономиканың дамуына серпін беріп, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашады. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – туристер санының өсуі. Кейінгі жылдары Іле Алатауына келушілер саны үш есе артқан. Бұл жаңа инфрақұрылымның тиімдігін дәлелдейді. Демек, дұрыс жоспарланған туризм табиғатқа зиян келтірмей-ақ экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Жоба «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама елде экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Алматы маңында тағы бір визит-орталық салынады
Алдағы жоспарлар да ауқымды. Үлкен Алматы көлі маңында тағы бір визит-орталық салу көзделген. Оның сәулеттік жобасын әлемге танымал сәулетші Рикардо Марини әзірлеген.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар Қазақстанды Орталық Азиядағы экотуризм орталығына айналдыруы мүмкін. Бірақ басты талап – табиғат пен туризм арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

