Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жол апаты ісі: Шавкат Рахмоновтың әйелі 5 жылға сотталды

Фото: instagram.com/zhambyl_police
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты UFC файтері Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмонованы бес жылға соттады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оның ісі абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қаралған еді.

Екі адамның өмірін қиған апат

2025 жылы 27 шілдеде сағат 8:30 шамасында ол Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» тасжолында Toyota Land Cruiser маркалы көлікті басқарып келе жатқан. Шаршаған күйдегі ол жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Артынша оның көлігі аударылған. Апат салдарынан екі адам қаза болған, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, қаза болған бір әйел Гүлайым Рахмонованың әпкесі болса, екіншісі құрбысы болған. Сотта құрбысының әкесі де, өзінің жездесі де Гүлайымды кешірген.

Прокурор оны жеті жылға дейін автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны орындауды бес жылға кейінге қалдыруды сұрады. Сотта Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамаған, — делінген сот хабарламасында.

Жаза мерзімі кейінге шегерілді

Сот тараптарды тыңдап, іс материалдары мен дәлелдерді қарай отырып, Гүлайым Рахмонованы жол апатына кінәлі деп тапты. Оның кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар екенін ескере отырып, сот оны бес жылға соттады. Бірақ, ол жазасын бес жылдан кейін өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.