Жалған құжат үшін жаза: Қызылордада дәрігер мен шенеунік сотталды

Қызылорда облысында мемлекеттік қызметші қамауда болғанын жасыру үшін жалған еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланғаны әшкереленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қызылорда облысының прокуратурасы мәліметінше, заң бұзушылық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне жүргізілген тексеру барысында анықталған.

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамаққа алынған. Алайда ол жұмыста болмаған себебін жасыру үшін басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған. Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны аудандық аурухананың дәрігері дайындағаны белгілі болды, — делінген хабарламада.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. Сот үкімімен:

  • дәрігер Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді;

  • бөлім басшысы осы баптың 3-бөлігі бойынша жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.