Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Астанада 18 мыңнан астам бала бір мезетте асық ойнады

Фото: Асық ойнау
Астанада 18 мыңнан астам бала бір мезетте қазақтың ең танымал ұлттық ойындарының бірі – асық ойнады. Ауқымы жағынан ерекше бұл шара Ұлттық спорт күніне орай және Цифрландыру жылы аясында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.

Ірі мәдени-спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Елордадағы Жекпе-жек сарайының алаңында 3000 бала «АЛТЫН САҚА» флешмобына қатысып, арнайы композициялар құрып, асықтың «алшы» түсу қалпын және «Алтын сақа» жазуын бейнеледі.

Музыкалық сүйемелдеу аясында балалар флешмобтың көркемдік мазмұнын ашатын түрлі би қимылдарын орындады.

Іс-шараның бүкіл бағдарламасын Айдар есімді жасанды интеллект жүргізді.

Флешмоб аяқталған соң, жасанды интеллект қаладағы барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалар мен мектептерде асық ойынының басталғанын ресми түрде жариялады.

Осылайша, жасанды интеллекттің белгісімен бір мезетте 18 мыңнан астам бала қала бойынша асық ойнауға кірісті.

Шараның басты мақсаты – асық ойынын кеңінен насихаттау, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру және өскелең ұрпақтың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыру.