Наурыз айындағы мерекелік күндер қарсаңында Қазақстанның әуе компаниялары ішкі рейстер санын көбейтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Air Astana және FlyArystan 2026 жылғы 16–29 наурыз аралығында ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша 146 қосымша рейс ұйымдастырады. Оның 80-і Алматы — Астана бағытына тиесілі.
Сонымен қатар Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтау, Атырау, Өскемен және Орал қалаларына қосымша рейстер жоспарланған.
SCAT әуе компаниясы 19–21 наурыз аралығында Алматы — Астана бағыты бойынша бес рейс, сонымен қатар Шымкент — Ақтау бағыты бойынша бір рейс ашады. Сонымен қатар 23–26 наурыз аралығында Алматы — Астана бағыты бойынша тағы төрт рейс, сонымен бірге Шымкент — Астана және Ақтау — Астана бағыттары бойынша бір-бірден рейс қосылады.
Қосымша рейстердің ашылуы ел ішінде қатынауды жеңілдетіп, азаматтардың мереке күнгі сапарларын жоспарлауына мүмкіндік береді. Жолаушыларға әуе компанияларының ресми сайттарынан қосымша рейстер туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, билеттерді ертерек рәсімдеу ұсынылады, — делінген хабарламада.
