Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жеткенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президенттің айтуынша, бұл көрсеткіш аймақ елдері арасындағы ең жоғары деңгей болып отыр.
Мемлекет басшысы елімізде білім беру саласында да азаматтарға кең мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
Көптеген елге қарағанда Қазақстанда барлық деңгейде ақысыз білім алуға мүмкіндік бар. Бұл қағидат жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталды. Біздің балаларымыз мемлекеттік мектептерде тегін оқиды. Қазір колледждерде 150 мың студент мемлекет қаржысы есебінен білім алуда. Ізденген кез келген жас жоғары оқу орнына грант арқылы түсе алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мәліметінше, 2023 жылдан бері ана өлімі 35% азайған, ал сәби өлімі 20% төмендеп, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге жеткен.
Кейінгі жеті жылда елде 1259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында 655 медициналық нысан пайдалануға берілген.
