Жетісу облысында құтқару кезінде ТЖД қызметкері қаза болды

Жетісу облысында құтқару жұмыстары кезінде төтенше жағдайлар қызметкері қаза болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ТЖМ мәліметінше, оқиға Панфилов ауданының Атамекен ауылдық округіндегі Алтынкөл көлі маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, балық аулау кезінде мұз жарылып, бір адам мұз кесегімен бірге көлдің ортасына қарай ағып кеткен.

Оқиға орнына Жетісу облысының ТЖД күштері, Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорған қаласының жедел-құтқару жасағы, сонымен қатар Барыс республикалық құтқару қызметі мен Алматы облысы ТЖД құтқарушылары жұмылдырылған. Құтқару жұмыстары барысында мұз қайтадан жарылып, салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза болды, — делінген хабарламада.

Дамир Таранов азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсу арқылы бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында еңбек етіп, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласының өрт сөндіру бөлімдерінде жауапты лауазымдарда қызмет атқарған.

Кейінгі жылдары ол Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп, тәжірибелі маман әрі білікті басшы ретінде танылған. Әріптестері арасында құрметке ие болған құтқарушы қызметтік антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында қаза болды.