Қазақстанда самокаттарды пайдалануды реттеудің жаңа кезеңі басталды. Ішкі істер министрлігі жалға берілетін электросамокаттарды ресми есепке алу және оларға сәйкестендіру нөмірлерін беру тәртібін бекітті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа талаптар жеке тұлғаларға емес, самокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар мен кәсіпкерлерге қатысты. Енді операторлар әр самокатқа арнайы «төлқұжат» жасап, оның техникалық жағдайы, жөндеу тарихы және сериялық нөмірі туралы мәліметті тіркеуге міндетті болады.
Әр самокатқа бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ол екі бөліктен тұрады:
-
әріптік код – компания өзіне тән бір латын әрпін таңдайды және ол бүкіл паркке ортақ болады;
-
сандық белгі – әріптен кейін «00001»-ден басталатын бес таңбалы сан қойылады.
Егер самокат қолданыстан шығарылса, оның нөмірі қайта пайдаланылмайды. Яғни жаңа техникаға бұрынғы нөмірді беру тыйым салынады.
Нөмір тәртіп сақшылары мен бейнебақылау камераларына анық көрінуі үшін самокаттың үш жеріне жапсырылады: артқы дөңгелектің қорғанышына және рөл бағанасының екі жағына.
Екі компания бір әріпті таңдаған жағдайда мәселе келіссөз арқылы шешіледі. Компания таңдаған әрпі туралы басқа операторларға хабарлама жібереді. Егер бес күн ішінде қарсылық болмаса, бұл әріп ресми түрде сол операторға бекітіледі.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін жалға беруші компаниялар барлық электр самокаттарын жаңа стандартқа сәйкес таңбалап үлгеруге тиіс.
