Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің бір подъезіндегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға газдан улану себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
КТК телеарнасының мәліметінше, қайғылы жағдай 3 наурыз күні күндіз Шымкенттің Тұран ауданы аумағындағы Студенттік қалашық шағынауданында болған.
Алдын ала дерек бойынша, бір подъездегі үш пәтерде төрт адам көз жұмған. Көршілердің айтуынша, бірнеше күн бойы үй ішінде газдың өткір иісі сезілген, алайда тиісті шаралар дер кезінде қабылданбаған. Бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті табылған. Екінші қабаттағы пәтерден 23 жастағы жігіттің жансыз денесі анықталған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде 20 жастағы студент қыз қаза болған. Пәтер иесінің айтуынша, бойжеткеннің денесі жуынатын бөлмеден табылған.
Қазіргі уақытта полиция адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал газ қызметі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
