Астанада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 7 және 8 наурыз күндері кең ауқымды азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жәрмеңкеде Қазақстанның түрлі өңірінен келген жергілікті фермерлер мен отандық өндірушілер өз өнімдерін ұсынады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдері, бәліштер мен нан-тоқаштар, табиғи шырындар, тосаптар және өзге де тауарларды нарықтағы бағадан төмен бағада сатып ала алады, — делінген хабарламада.
Гүл де сатылымда болады
Мереке қарсаңында жәрмеңкеде гүл де ұсынылады. Келушілер мерекелік гүлді қолжетімді бағада таңдай алады.
Іс-шара 7 және 8 наурыз күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Keryen Joly сауда орталығы (Алаш тасжолы, 35Б) аумағында өтеді. Қонақтардың ыңғайлығы үшін жәрмеңке маңына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 автобус маршруттары қатынайды.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанға 10 954 тонна гүл мен гүл бүршігі әлемнің 45 елінен жетті. Елімізге гүл әкелетін негізгі ел — Эквадор.
