Ақмола облысының Щучинск қаласында жеті адамның өмірін қиған жойқын жарылыстан кейін дәмхана иесі ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. 2026 жылғы 2 наурызда ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес дәмхана иесі ұсталған.
Оқиғаға байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Қазақстан бас прокуратурасының бақылауында, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 26 ақпан күні кешкі сағат 21:56-да Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында орналасқан «Центр плова» дәмханасында жарылыс болды. Оқиға салдарынан жеті адам қаза болып, 28 адам жарақат алды.
