Алматы полициясы қала көшелерінде тапсырыс жеткізетін ондаған курьердің жол апатына түскен сәттері түсірілген бейнежазбаны жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Кадрларда курьерлердің жол қозғалысы ережесін жиі бұзатыны, жан-жағына қарамай, ретсіз қозғалып, көліктермен соқтығысып жатқан сәттері көрсетілген. Салдарынан ауыр жол-көлік оқиғалары тіркелген.
Полиция мұндай деректерді жариялау арқылы тұрғындарды сақ болуға және жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
Жеткізу қызметінде жұмыс істейтін жүргізушілердің бір бөлігі агрегаторларға тіркеліп, еңбек етіп жүрген шетел азаматтары. Олардың арасында көлік құралын тіркемеген, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алмаған, міндетті сақтандыруды рәсімдемегендер бар. Тапсырысты тез жеткізуге тырысып, олар өз өмірін ғана емес, өзгелердің де өмірін қауіпке тігеді, – делінген хабарламада.
