Не болды?
12 наурыздан бастап көшедегі камералар жаяу жүргіншілерді де бақылайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа өзгеріс бойынша, жаяу жүргіншінің ереже бұзғаны камерадан көрінсе, бірден айыппұл салынады. Жаңа өзгерістер 12 наурыздан бастап заңды күшіне енеді.
Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізімімен интеграцияланған цифрлық объектімен деректерді өңдеу арқылы, оның ішінде автоматты режимде жұмыс істейтін техника құралдарын пайдаланыла отырып анықталған немесе тіркелген кезде көрсетілген деректерді өңдеу нәтижесі бойынша осындай құқық бұзушылық жасаған адамдар әкімшілік жауапқа тартылады, — делінген Әкімшілік кодекстің 31 бабында.
Азаматтарға тағы қандай жағдайда айыппұл салынады?
Бұған дейін, жол ережесін бұзғаны үшін тек көлік жүргізушілеріне айыппұл салынатын еді. Ал енді жолды кесіп өткен жаяу жүргіншілер және қоғамдық орында тәртіп бұзған жандар да айыппұл төлеуге тиіс. Мысалы көшеде қоқыс лақтырса, темекі тұқылын тастаса, белгіленбеген жерде шылым шексе, түнде ішімдік сатса және осы әрекет камера не дронға түсіп қалса, азаматтарға автоматты түрде айыппұл келеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қазақстанда мемлекеттік тіркеу нөмірі лас, оқылмайтын немесе талапқа сай орнатылмаған автокөлік жүргізушілеріне айыппұл салынады.
