Алматы тұрғындары үшін 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген ҚР жаңа Конституциясына қатысты жалпыұлттық референдум жөнінде ақпарат беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Call-орталық азаматтарды референдум туралы жан-жақты ақпараттандыруға және дауыс беру үдерісіне тартуға бағытталған.
1308 қысқа нөміріне хабарласу арқылы тұрғындар өздерінің референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне енгізілген-енгізілмегенін тексеріп, дауыс беру учаскесінің нөмірі мен мекенжайын нақтылай алады. Қоңырау барысында операторлар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктеріне, дауыс беру тәртібіне және референдум күні учаскелердің жұмыс уақытына қатысты заңнамалық талаптарды түсіндіреді, — делінген әкімдіктің хабарламасында.
Call-орталық күн сайын, демалыссыз және үзіліссіз, сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, дауыс беру аяқталғанға дейін жұмыс істейді.
Сонымен қатар дауыс беру учаскесі туралы ақпаратты Алматы әкімдігінің open-almaty.kz ресми сайтынан және @almaty_referendum2026_bot Telegram-боты арқылы алуға болады. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет.
Еске салайық, республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.
