Не болды?
Еліміздегі дәріханаларда «Десилмакс» дәрісін сатуға тыйым салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бұйрығы бойынша, Үндістаннан шығатын «Десилмакс» дәрісін қолдануға тыйым салынды.
Комитеттің аумақтағы бөлімшелері, дәрілер мен медицина құралдары айналымына жауапты сараптама ұйымы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл дәріні қолданыстан алып тастауға тиіс.
«Бұл – жұқа үлбірлі қабықпен қапталған 100 мг дозадағы таблетка. Әр блистер қаптамада 4 таблеткадан қорапқа салынған. Сериясы – BSE92301A, жарамдылық мерзімі – 2026 жылғы шілдеге дейін», — делінген бұйрықта.
Десилмакс қолданып жүргендер не істейді?
Мамандар бұл дәріні ішіп жүрген азаматтарға қауіпсіз ем алу үшін дәрігерге қаралу қажет екенін ескертіп отыр.
Дәріхана иелері мен медицина мекемелері бұйрық талаптарын толық орындауға міндетті. Ресми талапты орындамаса, әкімшілік жауапқа тартылады.
Анықтама
Десилмакс — ерлердің эректильді дисфункциясын емдейтін дәрі.
Контекст
Естеріңізге салайық, былтыр Алматыда мерзімі өткен дәрілерді қабылдайтын орындар ашылған еді.
