Бас мүфти азаматтарды қайырымдылыққа шақырды

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айының басталуына орай Қазақстан азаматтарына үндеу жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бас мүфти сөз басында барша отандасты 12 айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтады.

Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру, – делінген үндеуде.

Рамазан айы, намаз оқу
Фото: Мuftyat.kz

Сонымен қатар ол азаматтарды қасиетті айда Мүфтият ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысуға шақырды.

Бас мүфти кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға үндеп, Рамазан айында берілетін құдайы астарды ауызашар уақытында өткізуге шақырды. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді бағамен ұсыну сауапты іс екенін атап өтті. Бұдан бөлек, дүкендерде арақ-шарап сатылмаса деген тілегін жеткізді.

***

Тағы оқыңыз:

Рамазан-2026: дәрігер кеңесі, ауызашар дұғасы мен Қадір түні

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да