Жетісу облысы Жаркент қаласында төрт жасар баласын аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық соттың мәліметінше, істі Панфилов аудандық соты қарады. Әйелге қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Кәмелетке толмағанды қасақана азаптау» бойынша айып тағылған.
Сот материалдары бойынша, кәмелетке толмаған бала жуынатын бөлмеде суды ашық қалдырған, соның салдарынан бөлмені су басқан. Мұны байқаған анасы баласын жылыту батареясына байлап, бірнеше рет соққан. Әкесі үйге келгеннен кейін баланы ауруханаға жеткізген. Балаға оң жақ маңдай-самай аймағы мен арқасының соғылуы және теріасты гематомалары диагнозы қойылған. Сараптама бойынша, ананың туа біткен ақыл-ой кемістігі бар. Оның психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатыса алмайтыны және өзіне әрі айналасындағыларға қауіп төндіретіні анықталған, — делінген хабарламада.
Сондықтан сот әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық шара қолдануға шешім қабылдады. Ал балалар, оның ішінде жәбірленуші бала, Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Жаркент қаласында әйелдің өз баласын байлап, ұрып-соғып жатқан видеосы тараған болатын. Тексеру нәтижесінде 28 жастағы әйелдің екі баласын жүйелі түрде аяусыз соққыға жыққаны анықталды.
***
Тағы оқыңыз:
Жаркенттегі оқиға. Ата-ана құқығынан айыру баланы шынымен қорғай ма?
