Bingo37.pro платформасы арқылы онлайн-құмар ойындарын ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат халықаралық іздеуден кейін Грузиядан Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған сервис арқылы мыңнан астам құмар ойын түріне қолжетімдік берілген. Олардың қатарында Crazy Monkey, Keno, Euro Game және өзге де танымал ойындар бар.
Клиенттерді тарту тәсілі
Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Жарнамалық фото-видео материалдар, түрлі акциялар мен бонустық ұсыныстар таратылып, қолданушыларға «жеңіл әрі жылдам ұтыс» мүмкіндігі бар деген түсінік қалыптастырылған. Ақша аударғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логин мен құпиясөз беріліп отырған, — делінген хабарламада.
3,1 миллиард теңге айналым
Тергеу мәліметінше, қаражат қабылдау және қаржы ағындарын жасыру үшін күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын — дропперлерді тартқан. Олар Қазақстанға келіп, банк шоттары мен абоненттік нөмірлерді тіркеп, кейін оларды ұйымдастырушыға тапсырған. Нәтижесінде дроперлердің атына ашылған шоттар арқылы 3,1 миллиард теңгеден астам қаржы өткен.
2025 жылғы тамызда Бахтияр Оглы Р. халықаралық іздеуге жарияланып, сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция берген. 2026 жылғы қаңтарда күдікті Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Мүлік тәркіленді
Сот қаулысымен үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлік — Porsche Cayenne және Lexus GX 460 мемлекет кірісіне тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
