Тайланд үкіметі 93 елдің азаматтары үшін визасыз жүру мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жергілікті басылымның мәлметінше, бастама қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған.
Билік өкілдерінің мәліметінше, арнайы құрылған комитет ел аумағында шетел азаматтарының заңсыз әрекеттер жасау қаупін азайту үшін өзгерістерді қарастырып жатыр.
Тайландтың туризм министрлігі бұл жаңашылдық туристік ағынға кері әсер етпейтініне сенімді екенін мәлімдеді. Статистика бойынша, шетелдік қонақтардың басым бөлігі елде бір айдан аз уақыт болады – орта есеппен шамамен 21 күн. 30 күннен артық қалуды жоспарлағандарға визаны стандартты тәртіппен ұзарту ұсынылады.
Еске салсақ, 2024 жылы Тайланд Қазақстан азаматтары үшін 60 күндік визасыз режим енгізген еді.Енді билік рұқсат етілген мерзімді қысқартып, жаңа ережелерді қолдануды жоспарлап отыр. Өзгерістердің нақты қашан күшіне енетіні әзірге жарияланбады.
