Сенат толық емес жұмыс уақытына қатысты заң қабылдады

Аталған құжат 2019 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапты.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін, яғни ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты қорғауды көздейді, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша әртүрлі салалардағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт жұмыс істеді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында еңбек етті.

Конвенцияға сәйкес, «толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін» деген термин толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайда болатын қызметкердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз жұмыс істейтін жұмыскерді білдіреді.

Конвенцияны ратификациялау мемлекеттік бюджеттен теріс әлеуметтік-экономикалық салдарлар мен қаржылық шығындарға алып келмейді. Конвенцияны қабылдау толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерді кемсіту бөлігінде еңбек дауларына әкелмейді деп ойлаймыз. Бұл ретте конвенцияны қабылдау жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілділігін растайды, – деді министр.