Еліміздің Ұлттық ядролық орталығының құрылғанына 25 жыл

Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы 25 жылда сынақ жүзіндегі зерттеулер мен ядролық реакторлардың инновациялық жобалары саласында әлемдік көшбасшыға айналды. Осыған орай 19 мамыр күні Курчатовта халықаралық кеңес өтіп, оның жұмысына өңір басшысы Даниал Ахметов, энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысқан болатын. Мерейтолық датаға орайластырылған халықаралық шараға Қазақстан, Ресей, АҚШ, Франция, Жапония, Беларусь және Әзербайжан елдерінің ғалымдары жиналып, Семинар аясында «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК және «Н.А.Доллежаль атындағы ғылыми-зерттеу және конструкторлық энерготехника институты» АҚ арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

ядроШындығында осыдан 72 жыл бұрын Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбалары көптеген адамның өмірін бір мезетте жұлып әкетті. Осы сияқты жүздеген ядролық сынақ зардабын тартқан Қазақстан да атом қаруына қатысты шынайы ақиқатты ерекше түсінетін мемлекет. Себебі ажал мен азап себетін тажал қарудың барша сұмдығын басынан өткерген Қазақ даласы осыдан 26 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Қазақ елі тәуелсіздік туын көтерісімен тажал қарудан бас тартып, төрткүл дүниеге тыныштықтың ұясы екенін дәлелдей білді. Не десек те бұл адамзатқа атылған ең отты қару екені сөзсіз.

Ғылыми деректерге сүйенсек, кеңес өкіметі тұсында ұзын саны 670-тей сутегі бомбалары сыналып, ядролық жарылыс жүргізілсе, оның 95 пайызы, яғни 500-ге жуығы осы Семей атом полигонында орын алған.

Сол кездегі Семей халқының, өзге аймақтардағы туыстарына жазған хаттарында жантүршігерлік жарылыстан адамдардың үрейленіп, ауаның ластанып, жергілікті халықтың ауруға ұшырап жатқаны жазылған болатын. Иә, ұрпаққа қасірет әкелген атом сынағынан 1,5 млн адам зардап шекті. Жарылыстың зардабы тек Семей ғана емес, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарын да қамтыды. Ядролық полигонның Қазақстан жеріне, Семей топырағына қаншалықты зардап алып келгені бүгінде бүкіл дүниеге аян.

 ЯДРОЛЫҚ ҚАРУЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ ҚУАТЫ ХЕРОСИМА ҚАЛАСЫНА ТҮСІРІЛГЕН АТОМ БОМБАСЫНАН 2500 ЕСЕ АРТЫҚ БОЛҒАН

Сондықтан іс-шара барысында облыс әкімі атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі үлесі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Өйткені тәуелсіз елдің жас буындары бұл зұлмат жылдарды көзбен көрген жоқ. Алайда сойқаны сезілген тажалдың дені сау ұрпақ қалыптастыруға кері әсерін тигізді. Сондықтан бағыты бейбітшілікпен ұштасқан ұланғайыр атырапта енді кезде ажал мен азап себетін ядролық жарылыстар болмасын дейміз.

«Дәл біздің Президент мемлекет басшылары арасында бірінші болып ядролық сынақ алаңын жапты. Қазақстан ерікті түрде әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен: 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110 баллистикалық зымыраннан бас тартып, ел қауіпсіздігінің халықаралық кепілдігін алды. Орталық Азияны ядролық қарудан ада аймақ ретінде жариялады және бүгінде құрамына 21 мемлекет еніп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы болды», — деді Д.Ахметов.