Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz

Қазіргі уақытта ол әлемдік ірі конференцияларда арнайы шақыртумен баяндамалар оқиды. SZH қонағы, Математика және Математикалқ модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері Дурвудхан Сұраған бүгінгі қазақ ғылымындағы басты мәселелерді көтерді.

Ғылыммен айналысуды университетте 2-курстан бастадым. Қазақстанға танымал профессор Балтабек Қанғожинмен бірігіп жұмыс істедік. Ол кісі маған түрлі кітаптарды оқуға, есептерін шығаруға беретін. Ішінде орыс тіліндегі кітаптар да болды. Түсінбейтінмін. Содан әр сөзін аударып, түгел оқып шығамын. Шын ғылымды сүюге алғаш жол ашқан адам да осы Балтабек ұстазым еді. Кейіннен ол мені Ұлттық ғылым академиясының академигі Тынысбек Кәлменовпен таныстырды. Өз саласы бойынша әлемге танымал академик ғылымда не нәрсенің өзекті екендігін ұғындырды. Кәлменовпен бірігіп 2-курста бір есепті шығардық. Есеп шешімі оңайлықпен жұмыстарды қабылдамайтын «Ресей ғылым академиясының баяндамалары» деген басылымға жарияланды. Әлемге танымал академик Ильинге ұнап, баяндамамызға жол ашылды.

Ғылымда жабылған сұрақ

Дифференциялды теңдеулердің ішінде спектрлік теория, яғни спектрлерді санаудың негізі бар. Cізге қандай да бір құбылысқа сәйкес қиын дифференциялдық теңдеу шешіп отыруыңыз керек болады. “Қисындыдифференциялдық теңдеу спектр дискретті болса, онда саны қанша болады?” деген осы саладағы математиктер арасында танымал сұрақ болды. Бүкіл кездескен қисынды дифференциялды теңдеулердің барлығының спектрі шексіз болатын. Сұрақ мынадай: спектрі ақырлы болып қалатын сондай дифференциялды теңдеу табыла ма? Ал біз сұраққа “ондай дифференциялды теңдеу жоқ” деп жауап бердік. Сөйтіп, бұл сұрақты ғылымда жаптық. Математикада мамандар бұл шешімді мойындады.

Дурвудхан Сұраған, математик
Дурвудхан Сұраған әйгілі Өтелбаев-Кәлменов семинарында баяндама жасауда. Бұл семинар 1974 жылдан бері апта сайын өткізіледі.

Математикадағы Нобель сыйлығы

Нобель сыйлығының математиктерге көп беріле бермейтіні рас. Бірақ осы сыйлықты алған математиктер жетерлік.  К.Ф. Гаусс «Математика – ғылымдардың патшасы» деп айтқан. Шынымен, математиканың мүмкіндіктері, тілі, құралдары мол. Соны пайдалана отырып, басқа ғылымдарға кіруге болады. «A beautiful mind» деген фильм естеріңізде ме? Сондағы актердің прототипі, математик Джон Нэш экономика саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Таң қаларсыз, бәлкім, математиктер бұл сыйлықты әдебиет саласы бойынша да алады. Мысалы, 1950 жылы Англия математигі Рассел Бертран әдебиет саласы бойынша “Нобель” иегері атанды.

Нобель сыйлығына татитын сыйлықтар өте көп. Facebook, Google, Alibaba бірігіп математиктерге “Breakthrough Prize in Mathematics” сыйлығын береді. Бұл сыйлықтың құны 3 млн $, ал Нобель құны шамамен 1 млн $ сәл асады. Бұл қордан жас математиктерге де “New horizons” 100 мың $ сыйлық беріледі. Бұдан бөлек норвегиялық танымал математик атындағы Абель сыйлығы бар. Оның да құны Нобельдікімен пара-пар. Дәл сондай танымал Филдс (40 жасқа дейінгілерге берілетін) сыйлығы бар. Филдс – ең атақты әрі ақшасы ең аз сыйлық (15 мың канадалық доллар) болып саналады.

Әзірге қазақстандықтар арасында бұл сыйлықтарды иеленген ғалымдар жоқ. Мұны кемшілік санау да дұрыс болмас. Басты себеп: халқымыздың саны аз. Қазіргі қазақ математикасындағы жетістіктер де жаман емес.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz

 “Ғалымға екі-ақ қасиет керек”

Ынта мен жігер. Ғылымның кез келген саласы осы екі қасиетті жақсы көреді. Ынта –қызығушылық, жігер – табандылық. Бірінші қызығушылық танытып, екінші соны сақтау үшін табандылық танытуыңыз керек. Сонда ғылым да сізді сүйетін болады.

“Оқушының үй тапсырмасын азайту туралы ұсынысты қолдаймын”

Мен Монғолияның қазағымын. Мектеп табалдырығын аттаған уақытым 90-жылдарға сай келді. Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің барлығы экономикалық дағдарысқа ұшырап, күнкөріс жағынан қиыншылықтар көріп жатты. Өзім малды отбасында дүниеге келгенмін. Ынтам болса да, мектепке бару мәселесі қиыншылық тудырды. Қай мектепке жақын қоныстанамыз, сол мектепке барып білім алатын болдым. Қазір ойлап қарасам, тауда мал бағып жүргендіктен болар, оқуға деген құштарлығым, санам тұнық болған сияқты. Оқушының үй тапсырмасын азайту керек деген ұсыныстарды өз басым қатты қолдаймын. Себебі білімге ынтасы бар балаға мектеп көп бөгет болмауы керек. Әрине іргелі білімді беруі керек. Бірақ баланы мектепке байлап қоюға болмайды. Еркін білім алу үрдісіне бөгет болмауымыз керек.

Оқушы кезімде кітап көп болмады. Бірақ қолыма тиген, қызыққан кітаптарымның барлығын оқып тастайтынмын. Соңғы оқу жылдарымда жатақханада тұрып оқыдым. Сол кезде әр мектепте оқып жүрсем де, тұрақты бір мектепте оқыған балалардан кей пәндерден артық білетіндігімді байқайтынмын. Олимпиадаларға дайындықсыз қатысатынмын. Жүлдесіз оралмаппын (күледі). Сол кезден математикаға деген ынта, махаббатымның бар екенін анық сезе бастадым.

2005 жылы елге оралдым. Келе сала ҰБТ тапсырдым. Дайындықсыз. Менің білім алу жолым жүйесіз болды. Біресе қазақ, біресе монғол мектебіне бардым. Бірақ грантқа оқуға түсуге жететіндей білім алыппын.

Дурвудхан Сұраған, математик
Дурвудхан Сұраған халықаралық ғылыми конференцияда өз ғылыми жаналықтарын талқылауда.

Қазақстанда ғылыммен айналысуға жағдай жасалған ба?

Ғылымда мемлекет жоқ. Сол себепті қазақстандық, шетелдік деп бөлу кей тұста қажет емес. Себебі ғылым адамзат игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Шетелдің де шетелі бар. Мысалы, Еуропалық Ядролық Зерттеулер мекемесі(CERN) ғылыми орталығын Еуропаның бірнеше мемлекеттері құрды. Мұндай орталықтар бізде жоқ болғандықтан, біздің ел жақсы деп айта алмаймыз. Кей пікірлер бойынша, математикамен айналысу үшін қағаз бен қалам жеткілікті. Бұл ойдың да жаны бар, себебі интернет мүмкіншіліктерді одан әрі арттыруда. Бірақ күнделікті күйбелеңнің температурасы әр жерде әртүрлі болады. Осы мәселе кей жерлерде шығармашылықпен айналысуға қиындықтар туғызады. Дамыған елдерде жағдай жасалды – олар қағазбастылықтан ада. Онымен дау жоқ. Бірақ біздің елде жағдай жасалмады деп айтуға болмайды. Мен қазір Математика және Математикалық модельдеу институтында қызмет етемін.

Математиканың бірнеше бөлімдерінің және теориялық физика тарауларының қиылысын зерттеудемін. Бірнеше ғылымның басын тоғыстырып, мәнін іздеудемін. Ішімде үлкен қуат, ынта бар. Математикамен қызық өмір сүріп жатырмын. Басқа – басқа, ғылымға адам тоймау керек. Ал менің тәбетім өте жоғары. Мақсатым, бағытым – халықаралық деңгейдегі кәсіби маман болу.

Дурвудхан Сұраған, математик
Ғылыми семинар. Архив

“Жастар «Не істейін?» деген сұрақты жақсы көреді”

PhD атағын 2013 жылы, 25 жасымда мерзімінен бұрын қорғадым. Докторлық жұмысымды академик Тынысбек Кәлменовтің жетекшілігімен дайындап шықтым. Бүгінгі жастардың «Ой, ол өзінің аспирант кезіндегі әңгімесін айтады ғой» деген үлкен ұстаздар жайлы шайдай әртүрлі әңгімелері бар. Қасқыр аңды ұстайды да, жемтігін әлсіретіп іннің аузына, балаларына әкеп тастайды. “Ой, бұл ауланған аң” деп, ешкім тастап кетпейді ғой. Қай заман болсын, алдымен өз ұямызда дайындалуымыз керек. Шетелге оқуға барып, аңқиып отырмай, әлемдік деңгейге шығуымыз керек. Кеңес одағы кезінде, әсіресе іргелі ғылымдар бойынша біздің қазақтың ғалымдары алдыңғы шепте болды. Демек, әлемдік деңгейде дәрежелері бар. Сол мектепті көріп, шыңдалған жетекшілер – қазір ұстаз. Жастар «Не істейін?» деген сұрақты жақсы көреді. Басқалар білсе, оның не керегі бар? Яғни не істеу керек екенін өздері анықтайтындай жағдайға жету керек.

Математикада әлемдік деңгейде ғылыммен айналысып жүрген жастар аз емес. Олардың көбісі шетелде жүр. Сол еңбекқор, талантты жастардан үйренеріміз көп. Жай ғана жетістіктеріне қарап, жігер алуға болады.

Шетелге оқуға барарда, не қалап тұрғанымды, маған не жетпейтінін түсініп бардым. Сол себепті бәрін тез орындадым. Америкаға барғандағы басты мақсатым тіл үйрену болды. Тіл үйрене жүріп, математика бойынша белді MIT тәрізді ірі ғылым орталықтарда лекцияларды еркін түсініп, идеяларын ұғынып, пікір алмасатындай деңгейге қол жеткіздім. Ең бастысы кәсіби мәдениетке үйрендім.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz

Екінші сапар: Англияда академиялық дәреже алдым. Математикадан тыс теориялық физиканы оқыдым. Ол жақта да ешкімнен қалысқан жоқпын, үздікпен бітірдім. Бірақ сонда оқи жүре, өзімнің математик екенімді терең түсіндім. Лондонда ең белді университеттер ұйымдастыратын анализ-семинары бар. Сондағы пікірі, бағыты ортақ профессорлармен бірге жұмыс істеуге шақырды. Сөйтіп, Лондон империялық колледжінде зерттеу жұмысқа қабылдандым.

Миллион долларлық есептер

Әлемде шешімі табылмаған есептер көп. Солардың арасында “миллион долларлық” есептер де бар. Олармен екі-ақ түрлі адам айналысады. Біріншісі – елді алдағысы келетін немесе өзінің не істеп жүргенін білмейтін адамдар. Ал екіншісі – бәрін тындырып, “мен істейтін не қалды?” дейтін математиктер. Қазақта осы деңгейге жеткен ғалымдар бар. Оның бірі – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты академик Мұхтарбай Өтелбаев. Бұл – бір қазақтың отырып алып, екіншісін мақтағаны емес. Оның Навье-Стокс теңдеуін шешудегі жетістігін осы саладағы әлемдік эксперттер мойындады.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz

“Отандық іргелі ғылымды дамыту үшін екі-ақ көпірдің құнындай қаржы керек”

Біздің қоғамдағы ең басты сұрақ қандай? Қазақстан қалай әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына кіреді? Бұл – утопия, яки жай сөз емес. Дамыған ел болу бәрімізге: жарлыға да, байға да керек. Қоғамда тұрақтылық, даму болмаса, сіздің байлығыңыздың құны – көк күл. Іргелі ғылым осының негіздерінің негізі, жоғарғы білімнің тірегі. Іргелі ғылыммен соғыс болып жатса да айналысу керек. 1940-жылдары соғыс кезінде Колмогоров, Векуа тәрізді танымал математиктер өз ісімен айналыса берген. Оларға ешкім тимеген. Есебін шығарып отырған. Ал қазір біз дағдарыс дейміз. Биліктің, мемлекеттің араласатын жері болады. Араласпайтын тұсы болады. Мемлекет іргелі ғылымды тек қаржыландыру керек, басқасына араласпауы тиіс. Іргелі ғылымдағы приоритетті менеджер емес, ғалымдар анықтау керек.

“Мемлекет іргелі ғылымды сүйемелдеу үшін қанша қаржы жұмсауы керек?” деген сұрақты қызықтап көрдім. Бүкіл қазақстандағы іргелі ғылымды дамыту, онымен айналысатын ғалымдарды 2-3 жылға қаматамасыз ету үшін жақсы екі-ақ көпірдің құны кетеді екен. Екі көпірді салып қоясыз, сел алып кетеді. “Ой, көпір керек емес” деп салмай қоймайсыз ғой. Қымбатынан тағы екеуін саласыз. Ғылымның маңызы одан жоғары. Мемлекеттің парызы – іргелі ғылымды қорғау.

Іргелі ғылыммен айналысып жатқан ғалымдарға көңіл толмаушылық та болуы мүмкін. “Немен айналысып жатқаны түсініксіз” дейтін өте жақсы ақталу бар. Бұл – басқа сұрақ. Әрине, өмірін қиып, жан тәнімен еңбектеніп жүрген 5 ғалымның кінәсі жоқ, басқа 5 ғалым халтурамен айналысып жүрсе де. “Ғылым деген тауық сияқты болу керек. Бүгін жем-су бердіңіз, ертең жұмыртқа дайын тұруы тиіс” десеңіз, бұл онда қолданбалы ғылым болады. Барлығымыздың басымызды қосып алып, сәнді сөздермен, “инновация, экономика, тире, тире”  деген форум жариялауымызға болады. “Жаңағы тауықты ұстап алайық, оған қытайлық чипті қондырып, Израйльден оны бақылайтын экран алдыртайық және экранның бетіндегі сөздерді өзіміз білетін тілге аударайық. Содан соң орыстардың қоршауына салып қояйық” деуге де болады. Мұндаймен “сендер ары барып соғысыңдар” деп, Сирияда, немесе аштық жайлаған Африкада да айналысуға болады. Әңгіме инновацияда болса да, ешқашан негізі болған іргелі ғылымды дамытуды естен шығармау керек.

Сіз ғылыми негізсіз жаңалық аштыңыз, оны көрмеге қойдыңыз. Қытайда оны ертең жасап тастайды, егер кеше жасамаған болса. Бағдарламалауды “керемет” дейді. Кешіріңіздер, программалаудың заманы өтіп барады. Аrtificial intelligence, жасанды интеллект дамып келеді. Көп программалауды қазір компьютер автоматты түрде өзі жасайды. Ашқан жаңалығыңыз, жасаған бағдарламаңыз, экономикалық жетістігіңіз іргелі ғылымға негізделмесе, орнықсыз болады. Онымен дамыған мемлекет қатарына ене алмайсыз.

2020 жылы ЖІӨ-нің 2 пайызын ғылымға бөлеміз. Бұл Елбасының жоспарында бар. Қазір бізге оның шамамен тек 0,17 пайызын ғана бөліп жатыр. Үш жыл ішінде мұны кемінде 10 есеге көтеру керек. Ақша қайда кетеді? Жаңағы форумдарға жұмсалады. Қолданбалы ғылымға ақша бөлінуі керек, әрине. Бірақ іргелі ғылымның ақшасына тиіспеу қажет.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz

Ғылыми мақала санын неліктен арттыруымыз керек?

Дамыған мемлекеттер қатарына кірудің өзіндік талаптары бар. Мысалға, оны Global innovation indeх арқылы анықтауға болады. Біз қаншалықты инновациялық елміз? Аңдасақ, әлем бойынша 75-орында тұр екенбіз. Бұл индексті жасау үшін, ғылыми-техникалық мақалалар санын арттыру қажет. Мұнда енген 127 мемлекет бар. Біз соның 121-орынында тұрмыз. Демек, бізге ғылыми мақалалар керек. Келесі жылдары мақалалар санын 8 есеге арттыру қажет. Бұл – ғаламдық талап. Айта кететін жайт, әрине жеке ғалымды оның мақаласының санымен бағалау дұрыс бола бермейді.

Ғылыми мақаланы қандай басылымдарға жариялау қажет?

Әлемде мойындалған негізгі екі ғылыми басылымдар базасы бар: Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus. Әр саланың журналдарының өз инфакт-факторы болады. Ғылыми журналдың сапасы квартилдермен (Q1, Q2, Q3, Q4) анықталады. Мақалаңызды мейлінше Q1, Q2-лі журналдарға бергеніңіз жөн. Мұндай журналдарға мақала оңайшылықпен қабылданбайды. Егер қабылданбай жатса, тым құрығанда жұмысыңызға мамандар пікірін аласыз. Алайда квартилді де абсурдқа апармау керек. Кеңес одағы кезіндегі Q1 журналдар қазір жоқ. Олардың көбі – Q4. Бұл көрсеткіш те уақыт өте өзгереді. Алайда біз өз кезеңміздегі Q1 қатарында болуымыз керек.

Жастарға қандай бөгет жасалуда?

Бұл – сіз бен біздің өміріміз, болашағымыз. Жастар қазір ақша мен өлшенбейтінін, ғылым бар екенін түсінді. 90-жылдар өтті. Бізде білім базасы бар. Ғылыммен айналыстын адам санын арттыру керек. Жастарға бөгет болмау керек. Ол қандай бөгеттер?

  1. Қаржылық. Қазақта «Қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын» деген сөз бар. Жастарды осындай күйге түсірмеуіміз керек. Ғылыммен шын айналысамын деген жастар көп ақша сұрамайды. Бірақ отбасын асырап, қоғамда толыққанды өмір сүруіне жетерліктей жағдай жасау керек. Біздің елде Менделеев кестесіндегі қанша элемент бар деп мақтанушы едік?! Шамамыз бар. Әсіресе іргелі ғылыммен айналысатын жастарға қаржы бөлмеу – үлкен қиянат. Мен жоғарыда айтқан таланты жастар тәрізді қолды бір сілтейді де, шетелге кетеді. Осындай жылдам мінезді болғандықтан да, оларды “жас” деп атайды. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деп қазақ бекерге айтпаған.

“Немен айналыссам?” деп әрненің басын бір түртіп жүрген білімді жастар қаншама?! Өз салаңызды меңгеріп, дәріс беріп жүрсеңіз, қоғамда жолы болмаған адам көрінесіз. Бұның барлығы – қиянат. Ғылыммен ақша табуға болады, жастарға мүмкіндік жасау керек.

Дурвудхан Сұраған, математик
©SZH.kz
  1. Рухани кедергі. “Жастарды тәрбиелеу керек” дегенді бәріміз жақсы білеміз. Мен мұны “жастарға бөгет жасамау керек” деп өзгертер едім. Меніңше, жастарды ғылымға бет бұруына рухани кедергі жасайтын үш топ бар:

1-топ. Кеңес одағы кезіндегі армандары құлдырағандар (пионер, комсомол болу т.б.). Олар көп нәрсеге сенбейді. Мысалы, жас ғалымның жолын ашса, әлемдік деңгейдегі ғылым жасайтындығына сенбейді.

2-топ. Дүниежүзінде бір сипатты «ақылдылар» бар. “Ұлт болмауы керек. 100 жылдан кейін “бірнәрсе” болады” деген. Олар “қазақ” деген ұлт жанашырларын эмоционалды адамдар деп көреді. Ұлттық мәселелерді елемейді, сын айтқанды жақсы көреді. Мұны постколониялдық синдром деп те айтады…. Ал жастарды қанаттары бекігенше, керісінше қолпаштау керек.

3-топ. Екі-үш ғасырдай кеш туылған ағаларымыз. Олар батыр, қолбасшы болып тууы керек еді. Ұрандары – “тіл, дін, салт-дәстүр, біз мықтымыз”. Қай ел “менің тілім кедей” дейді? Ісі жоқ көп әңгіме – зиян. Алды-артымызға қарай білуіміз керек.

Мәңгілік ел болу үшін – мәңгілік ғылым керек

Дамыған ел мен дамушы елдің айырмашылығы экономикада емес. Экономика – көзге көрінетін цифр. Егер ғылыми негіз болмаса, экономикаңыз бір ғана дағдарысты көтермей қалуы мүмкін. Мәңгілік ел болу үшін – мәңгілік ғылым керек.

Сұхбаттасқан  Ақжарқын Қыдырхановасуреттер Дана Маратова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

25 пікір

  1. Балам математикаға мүлдем қызықпайды. Қалай қызығушылығын арттырсам болады?

  2. “Жеке ғалымды оның мақалаларының санымен бағаламау керек” дегеніңе қосыламын, айналайын. Қазір елімізде “менің бәленше мақалаларым бар” деп керіліп отыратын өтірік профессорлар жетеді.

  3. МашаАлла аға ісіңізге сәттілік болсын.Айтқан ақылыңыз керемет разымын.Қәзіргі қоғамдағы білім, ғылым саласында болып жатқан проблемаларды қозғадыңыз.Адам бүгін , ертең қалай нан тауып жеймін емес келешекте қалай боламын дегенге ой жүгірту керек.Ақылы бар адам алдын ойлау керек.

  4. Ол өте талантты жігіт. Ақылыы мен қажыр қайраты, бірбеткейлігі оны талай жерге апарады.

  5. Сол Монголиядан келгендердің бірі болғандықтан 1-топқа қатысты өз түйгенімді білдіре кеткім келді. Оларды екі топқа бөліп қарау керек. Бірінші топта өзіңнің жолыңды ашып, кезінде қолдау білдірген ұстаздарың секілді азаматтар тұр. Бұлардың саны өте аз, мүмкін, менің бұл пікірім жаңсақ болуы да, алайда өзім ортасында болғандарға қарап түйгенім солай. Жолы болар жігіттің алдынан білікті ұстаз кездесуі керек, оның қандай университетте оқығанынан, қай ұстаздың алдын көріп, тәлім алғаны әлдеқайда маңызды!!! Саладағы проблеманы жетік білетін сұңғыла ғалымнан тәлім алған ғана қай бағытқа жүгіріп, қай шыңға ұмтылу қажет екенін аңғарады. Одан арғысы әркімнің өз шама шарқына байланысты. Екінші топтағылар саны жағынан әлде қайда көбі болып отырған, ғылыми атақ пен дәрежені ақшаға сатып алған, немесе ағайын туыс, тамыр танысы арқылы, яғни Мәке, Сәке, Бәкелер арқылы келгендер. Ғылым деп отырғаның олар үшін ақша сауатын сиыр іспетті. Сондай мақсат қойған және сол қолдаушылары арқылы олар басшы лауазымда отырады, басқаларға жұмысты бөліп істетіп қойып, өзі артында тығылып жатады. Ғылыми басылымдарда олар бірлескен автор, себебі бастықсыз қай шаруаң алға басады, тәуелдісің, шарасыз көнесің. Әркім өз шыққан тауым биік болсын дейтін мына заманда олардың мақсаты сені табжылтпай өз қоластында ұстау, барлық жағынан сені өзіне мұқтаж ету. Сенің анау пионер, комсомол деп отырғандарың солар. Тұрмысты тірлік билейді, қайту керек?

  6. Өте дұрыс көзқарас! Іргелі ғылымдар дамымай мемлекеттің болашағы жоқ. 0,17 пайыз деген сұмдық қой, ғылымға көңіл бөле алмаған мемлекеттен есі дұрыс нәрсе күте алмайсың.

  7. Қазіргі уақытта халтурщик ғалымдар көп. Қарапайым мысал, магистратура мен доктарантураға ғылым емес, степендия қуғандар түседі.

  8. Мемлекет тарапынан ғылым жолына көңіл бөлінбей жатыр дегенге келіспеймін. Қаржы бөлінеді, бірақ талан-таражға түсіп, толық игерілмейді. Шыны керек, осы күнге дейін ғылым жолында жеткен жетістіктерімізді білмейді екенмін.

  9. Негізі қазіргі жастардың математикаға деген қызығушылығы жоғары. Соларды қолдап, демеп жіберсе әлі талай жетістікке жетіп, еліміздің атын аспандатады деп ойлаймын.

  10. Екі-үш ғасырдай кеш туылған ағаларымыз. Олар батыр, қолбасшы болып тууы керек еді. Ұрандары – “тіл, дін, салт-дәстүр, біз мықтымыз”. Кулкимнин келгені ай ондайлар кооооооооооооп кой аттаннан бастап)))))))

  11. Қазіргі еліміздегі ғалымдардың жағдайы жоқ. Олар үйсіз-күйсіз, бала-шағасымен пәтер жалдап күнелтіп жүргенде ғылымға дұрыс ден де қоя алмайды ғой. Бірінші жағдайларын жасауға көмектесу керек.

  12. Мұхтарбай Өтелбаев туралы дурыс айтады. Алем мойындаган академик туралы казактын ози билмейди

  13. Осындай пайдалы, тың сұхбаттарды жиі жариялап отырсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді…

  14. “Отандық іргелі ғылымды дамыту үшін екі-ақ көпірдің құнындай қаржы керек” дейді. Сол қаншама көпір салынып, бір жылға жетпей жарамсыз болып жатыр ғой. Одан да қаржыны ғылымға бөлсін, қалталарына баспай

  15. Білімді жігіт екен. Талабы мен еңбегінің арқасында осы жетістікке жетіп отыр. Жарайсың, мақсаттарың орындалсын! Осындай қандастарымыздың қатары көбейгендік қуантарлық жағдай.

  16. жалкауга сылтау коп кой гылыммен айналысып кзин тапсан жагдайынды жасауга да болады

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!