Қазақша алгебра және «Төрткен төртқара» атауы туралы

Асқар Жұмаділдаев
Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ©SZH.kz

Алгебра біреу. Ол ұлтқа, дінге, мәдениетке, елге, жерге бөлінбейді. «Төрткен төртқараның» айырмашылығы неде? Тек қазақша атауында ғана.

Италияда Триеста деген қала бар. Сонда Абдус Саламның атындағы әлемге әйгілі теориялық физика орталығы бар. Абдус Салам мұсылманнан шыққан жалғыз «Нобель» сыйлығының лауреаты. Физикадан алған. Сол жерде жүргенде төртінші дәрежелі бір тепе-теңдік ойлап таптым. Сондай әдемі. Өзім қуанып кеттім. Сосын Төрт кемпір бір шал дейтін Кенен Әзірбаев атамыздың қызы бар еді. (Елдер кейін Төрткен деп кеткен –авт.) Сол кісінің аты қала берсін дедім. Өйткені «Төрткен» дегенде маған сондай бір жақсы ойлар келеді.

Бұл теңдік дифференциалдау операторы арқылы шығады. Оны интегралға ауыстырсам, құдды соның туысқаны шығады екен. Оның атын қалай қою керек? Сосын «Төртқара» деп оған да қоя салдым. Кейін естідім: Кіші жүзде Төртқара деген ру бар екен. Самарқанды 17 жыл билеген әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің руы. Жауға шыққанда кедергі келтірмесін деп, сауыт-сайманын шешіп тастайтын болғандықтан солай аталып кетіпті. Бірақ атамыз тек қана соғыстың шебері болмаған. Сонымен қатар ғылымға, білімге, өнерге үлкен қамқорлық жасаған кісі. Мысалы Самарқанның ортасында Регистан дейтін жер бар. Сонда үш мешіт тұр. Біреуін Ұлықбек салдырған. Ал екеуін Жалаңтөс баһадүр салдырған. Сосын атамыз шетте жүрді, енді математикада қала берсін деп ойладым. Осылайша, алгебраны қазақша «Төрткен Төртқара» деп атадым.

х!+1=у2 теңдеуі және 1 мың АҚШ доллары

Бұл талай жыл бойы шығарылмай келе жатқан теңдеу. Оның жауабы жуырда табылмауы да мүмкін. Бірақ менің мың доллар беруіме себеп бар: Мен өзім туған күнімді тойламайтын адаммын. Елу жасқа келгенімде «Жас Алаш» газеті «Байқамай елуге келіп қалған академик» деген мақала жазды. Кішкентай ғана, бес-ақ сөйлемнен тұрады, өзі екінші бетте, бұрышында ғана…. Бірақ сол бірталай резонанс тудырды. Бауыржан Оспанов «Сіздің жаяу жүргеніңіз бізге ұят болады» деп көлік мінгізді. Көп адам хабарласып, құттықтап, «Саған қандай сыйлық берейік?»- деді. Соларға: «Сыйлықтың көкесі мынау болсын: осындай бір теңдеу бар: х!+1=у2. Кімде-кім осыны шығарады – ең үлкен сыйлық осы болады»,-дедім. Алдымен 100 доллар тағайындадым. Келесі жылы тағы 100 доллар қосып, екі жүз доллар қылдым. Осылай кете береді…

Асқар Жұмаділдаев ©SZH.kz
Сонда елу жастан алпысқа дейін он жыл өтті – бір мың доллар болды. Биыл 1100 доллар болады. Осылайша, қашан мен өліп қалғанша, сыйақы да өсе береді – Асқар Жұмаділдаев, ©SZH.kz

Бұл жерде мәселе, есепті шығару-шығармауда емес. Әрине, шығарса дұрыс болар еді. Бірақ мен сізге шындықты айтайын: Ол – өте қиын есеп. Сыйақы тағайындауымның себебі – жұрттың назарын аударуда. Ғылым деген де жаман нәрсе емес, осыған назар аударыңдар дейтін маркетингтік тәсілім ғой. Әйтпесе, қазіргі жастарды қарасаңыз, кім болуды армандайды? Бәрі әзілкеш болғысы келеді, тез баюды қалайды. Қазақта жақсы сөз бар: «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейді. Оны көбі келеке қылып айтады. Негізінде бұл өте дұрыс мәтел. Мысалы, сіз жаңағы есепті шығарамын деп интернетті шарлап, ана кітапты бір, мына кітапты екі қарап, ақтарып, біраз білім үйреніп қаласыз. Осы мақсат орындалған сияқты. Бірнеше мың студент есепті өздерінше шығарып, жауаптарын жіберді. Барлығы да қате. Бірақ ішінде біраз жақсы ойлар бар…

Біздің қазаққа жетіспей жатқан өнердің біреуі – осы. Қандай қиын теория болса да, соның бір ілігін жарқыратып көрсетіп, назар аударта алу керек қой. Өйткені жастар жылтыраққа, қызылға құмар.

Нобельдің маркетингтік тәсілі

Асқар Жұмаділдаев
©SZH.kz

«Нобель сыйлығын» неге елдің бәрі біледі? Мысалы, таза математикке берілетін сыйлық бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Ал, «Нобельді» барлығы біледі. Нобель деген кісі тек қана ғалым емес, ол мықты бизнесмен ғой. Ішіне әдебиетті кіргізіп қойып, керемет мықты маркетингтік жүріс жасады. Әдебиет жүрген жерде ылғи шу, дау-дамай, ұрыс–керіс секілді тегін жарнама жүреді. Мысалы, әртістер назар аудару үшін не істейді? Өзі туралы өсек ойлап табады: «Ажырасып кетіпті», «Тоқал алады екен», бүйтіп қойыпты-сөйтіп қойыпты… Оның бәрі өтірік. Ал, бұл жерде ештеңенің керегі жоқ. Өзімен-өзі жүріп тұрған керемет жарнамалық жүріс. Егер таза математика, таза медицина болса, ешкім байқамас еді. Солайша «Күріштің арқасында күрмек су ішіп», басқа ғылымдарға да назар аударылып жатыр. Бұл – бір.

Екіншіден, «Нобельдің» тағы бір ерекшелігі – оған ғалымдар өздерін-өздері ұсына алмайды. Өйткені әркім өзін-өзі ұсынса, ол сыйлық болмайды. Соны қабылдайтын қырық шақты адамдар бар, солар таңдайды. Олардың кімді қалай таңдайтынын ешкім білмейді.

Оқу жүйесіндегі кемшіліктер мен “Махаббат қызық мол жылдар” туралы

Біздің білім беру жүйесінде маған ұнамайтын нәрсе көп. Бірақ маған ұнамайды екен деп оның бәрін өзгертуге болмайды. Біріншіден, оқулықтардың бәрі дұрыс емес. Екіншіден, біз далақбайлық әдіске көп бой алдыртып алдық. Шетелге еліктейміз дедік-дағы, өзіміздің мықтыларымыздан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Мысалы, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда математика, физика, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары жақсы дамыған еді. Оның әдістемесі жақсы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін балаларымыз ылғи олимпиададан, байқаудан озып жатқанының бірден-бір себебі – біздің осы инерциямызда.

Кеңес одағы кезінде білім алған мұғалімдер бар, оқулықтар бар. Қазір көп жерде былай қылады: жеке меншіктерде «Біз кеңес кітаптарымен оқытамыз» деп жазып қояды. Ашық айтпауы да мүмкін. Бірақ, сұрасаң айтады. Тексеру келе қалса, мінекей деп оқу бағдарламасына сай жаңа кітаптарды көрсете салады.

Асқар Жұмаділдаев
Баяғыда бала күнімізде біз де сөйтетінбіз. Интернатта оқимыз. Тәртіп қатал. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» шыққан кез. Оны біздің тәрбиешілеріміз «бұзылып кетесіңдер» деп оқытпайды. Сосын біз не істейміз? Аламыз да, сыртын газетпен қаптаймыз. Сыртына «Физика. Г.С.Ландсберг» деп жазып қоямыз (күлді). Не оқып отырғанымызды сұрағанға, «Физика»,-дейміз. Ал, ішінде «Махаббат қызық мол жылдар». Сол сияқты әңгіме ғой – Асқар Жұмаділдаев, ©SZH.kz

ҰБТ-ның екіге бөлінуі немесе неге билікте «үшке» оқығандар жүр

Осының алдындағы ҰБТ-да жұртың бәрі шулады. «Балалардың психологиясын бұзды», бүйтті-сөйтті деді. Бауырлар, емтихан міндетті түрде адамның жүйкесін тоздыртады. Ол ойыншық емес. Бұл бір. Екіншіден, адам өмірінде бір рет болса да міндетті түрде емтихан тапсыруы керек. Сізге ұнай ма-ұнамай ма оны ешкім сұрамайды.

Сосын «Кеңес одағындағы ауызша, жазбаша емтиханға көшейік» деді. Көштік. Оның да үлкен кемшілігі бар. Жемқорлық. Адам араласқан жердің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі. Ол – белгілі нәрсе. Бұл қазақтың ерекшелігі емес, ол биологияның заңдылығы. Сондықтан, лажы болса, адамды бұндай жерге араластырмау керек. Мінекей, оның басқа түрі осы – тест.

Оны да жақсы деп айта алмаймын. Ол білім деңгейін тексермейді. Ребус сияқты. Ал сіз медальға бітірген екенсіз, не болыпты? Не істеп жүрсіз, мысалы? Байқап қарасаңыз, бірқатар мемлекетті «үшке» оқығандар басқарып отыр. Неге? Өйткені олар білім білмегенімен, энергиясы бар, адаммен араласауы, «сіз-бізі» жақсы. Ал, үздік оқушы болса, білімі болғанымен адамдармен сөйлесе алмайды… Бәрі «екі жерде екімен» шешіле бермейді ғой. Сондықтан, еңірей беруді қою керек.

Бұндай жерде менің айтатын өсиетім: заңда бар ма, бітті, істеуге міндеттісің! Эмоцияңды қалтаңа салып қой, үйіңе барғанда кемпіріңе айтасың (күліп).

Айтпақшы, ауылдың баласы, қаланың баласы, шетелде оқыған дегендерде қатты айырмашылық жоқ. Мен сізге айтайын. Адам оқимын, білім аламын десе, кез келген жерде білімін арттыра алады. Шетелдің жақсылығы неде? Оларда аудиториялары, кітапxанасы, жатақxанасы жақсы, лабораториясы бай. Бірақ оның бәрі темір-терсек қой. Ал мен сияқты математиктер үшін ешқандай айырмашылығы жоқ.

Жолдауға пікір немесе 10-11 сыныпта ағылшын тіліне көшу туралы ой

Биылғы жолдауда 2018 жылдан бастап 10-11 сыныптарды ағылшын тілінде оқытуға көшеміз делінді. Негізінде ағылшын тілі керек. Көшу керек. Алайда, қалаған адам ағылшын тілінде оқиды, қаламаған – оқымайды десе, келісемін. Ал олай емес, жұрттың бәрі көшеді десе, қарсымын. Өйтсе адамның құқығы бұзылады. Өз тілінде сөйлеу –  Алланың берген құқығы. Екіншіден, біз Қазақстандамыз. Біздің тіліміз ешбір заңға қарамастан, алшаң басып жүруі керек. Үшіншіден, үш тілділік деген ешбір елде жоқ. Мысалы, Малайзияда екі тіл: малай және ағылшын. Ағылшын олар үшін біздегі орыс тілі сияқты. Үндістанда да солай. Біздің орыс тіліміз бар ғой онсыз да. Аз ба? Онда төртінші тілді де қосып алайық. Елдің бәрінен ерекше боламыз. Міне, тегін идея (күліп).

Асқар Жұмаділдаев
©SZH.kz

Менталды арифметика немесе миды қалай дамыту керек?

Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады?

Ал миды дамыту үшін ең керемет өнер – скрипка. Эмоцияға да, өзіңе де пайдалы. Шаршағаның басылады. Ал мына менталды арифметика деп жүргендерінің 15 деңгейі бар екен. Оны он жыл оқиды. Бұл біреудің Америкадан алып келген франшизасы. Біздің елдегі басшысы – бір түрік. Бірақ орталықтарына барып бастығын сұрасаң, кім екенін айтпайды. Солай үйретіп қойған. Мұғалімдердің жалақысын 50 мың теңгеден бастайды. Ебін тапсаң, көбейтіп аласың. Пирамида сияқты. Үстіндегісі ұтады, қалғаны ұтылады. Мұны үйрету үшін математик болудың қажеті жоқ. Екі-үш рет көрсең, өзің де үйреніп аласың. Сосын жүреді он жыл бойы. Бір деңгейі бәленбай мың теңге тұрады. Адам да ақымақ емес қой. «Әй, мен он жыл оқығанда осыдан не ұттым?” деп ойлауы керек. Үш таңбалы санды үш таңбалы санға көбейттің. Оның не керегі бар? Мысалы, циркке барсаңыз, біреу мұрнына бұранда тығады. Сол өнер ме? Цирк үшін өнер шығар, бірақ пайдасы қанша? Оны көру үшін адамдар ақша төлеп келеді. Болды. Ақша табудың жолы. Мынау да сол сияқты. Көшеге шығып саусақтарыңмен бүйтіп-бүйтіп (қолымен көрсетті) тез- тез есептеп бересің. Ақымақ журналистер соны “оһ” деп телебағдарламаға шығарып жіберді. Ол өнер емес. Ол – цирк. Ғылымның маңайына да жоламайды.

Үй тапсырмасы туралы дау немесе Алдар көсе мен Шығайбайдың жаңа хикаясы

Батыстағы елдерде үй тапсырмасын бермеу туралы бастамалар бар. Мүмкін олар үшін бұл ыңғайлы шығар, бірақ қазаққа қандай пайдасы бар екенін білмедім. Өйткені батыста бәрі бар: киім шығады, машина жасайды, компьютер де өздерінен… Сосын олар ерігеді: балаларымыз Бальзакты оқысын, скрипка, рояль тартсын дейді. Дұрыс па? Дұрыс. Бірақ оның қазаққа қатысы қанша?

Асқар Жұмаділдаев
©SZH.kz

Қазақ өзінде қандай теxника шығарып жатыр? Қазақта қандай машина бар? “Қызды алып қашқан анау, біздікі не далақ?”. Сондықтан батыста солай екен деп, біздің далақтай беруімізге ешқандай негіз жоқ. Олар – әбден тойынған, толысқан елдер. Ал қазақ қазір екі-ақ нәрседе мықты: бокс пен математика. Ал математиканы жетілдіру үшін, баланы оқыту керек, үй тапсырмасын беру керек. Мен өзім тапсырманы үйіп-төгіп беремін.

2007 жылы математикалық ертегі шығарғанмын. Оның екі-ақ кейіпкері бар: Алдар көсе мен Шығайбай. Екеуі бір-бірін математикалық әдістермен алдайды.

Асқар Жұмаділдаев  пен Вивальдидің ұқсастығы немесе тойға бармау себебі

Біз негізі дәстүрлі қоғамбыз. Ол не? Сөзге, салтқа қатты мән береміз. Мысалы, ақсақал ма, оны төрге отырғызу керек, оған бас ұсыну керек. Келін келді ме, сәлем беруі керек. Бәрі дұрыс, бірақ оны абсолюттілікке шығарудың қажеті жоқ. Қазақ тек қана осының төңірегінде қалып қоймауы керек. Біз үшін салтанатты шаралар, хаттама маңызды. Біздің тойымыздың өзі партияның жиналысы сияқты ғой. Сондықтан тойға бармаймын.

Байқасаңыз, мен сұхбаттарымның бәрінде «Қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналуы керек» деген бір ғана нәрсені айтамын. Бірақ әр жолы әр қырынан келемін. Менің сөздерімнің бәрі Вивальдидің «Времена года» топтамасы сияқты. Бір музыка, қалғанының бәрі нұсқалары. Бірақ қазақ соны ұқпайды, таң қаламын (күліп). Демек менің нашар Вивальди болғаным…

Қазақ осы дәстүрліден технократтық жолға ауысуы керек. Ең болмағанда мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Егер өзіміз шығармасақ, баларымыз «Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? «Қобыланды батыр» жыры ғана ма сақтағандарың?» – деп күледі. Сондықтан бізге технократтық сана, технократтық ұмтылыс керек. Өзгеріске ұмтылу керек. Біз одан ұтылмаймыз.

Асқар Жұмаділдаев
©SZH.kz

Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. Біздің үлкен мәселеміз осында. Қазақтың тілі бай дегенді көп айтамыз. Ол бай, бірақ керек емес сөздерге бай. Мысалы, бір ағамыз “Жылқының 3400 атауы бар” деп  диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал жылқының 3400 атауымен біз әлі жүрміз. Біз енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыру керекпіз.

Кездейсоқ бұйырған бақыт немесе мен математикаға қалай келдім?

Мен бала кезімде математикаға қызыққан жоқпын. Ақын болуды армандадым. Өмір деген өзі қызық нәрсе. Жаңа айттым ғой, «тисе терекке, тимесе бұтаққа». Сен тасыңды терекке қарай атуың мүмкін, бірақ бұтаққа тиіп кетесің. Әсіресе қазақта сондай көп болады.

Алматыдағы қазіргі №159 мектеп бұрын №3 интернат болатын. Соны бітірген соң,  қайда барамыз деген мәселе туды. Қарасам, журфакқа, филфакқа түсе алмаймын. Өйткені ректордың тізіміне ену керек, я үлкен таныс табуың керек. Ондай жағдай жоқ. Сосын вокзалға бардым да Мәскеуге билет сұрадым, бар екен. Аттестат берген күннің ертеңінде пойызға міндім де кеттім. Жолдан Шиеліден әкем қарсы алды да, қалтама 120 рубль салып берді. Мәскеуге келген соң адамдардан МГУ-ды сұрап едім, көрсетіп жіберді. Барсам, дәу ғимарат тұр екен. 11-қабатқа барып, құжаттарымды тапсырдым. Ертеңінде емтиханға кірдім. Математикалық жолым осылай басталды. Егер жолдың бойында басқа факультет тұрғанда соған түсіп кетуім де мүмкін еді (күліп).

Студент кезімде бір сабақты екі рет жаздым. Өйткені орысша білмеймін. Лекцияда бәрін жазып аламын, үйге келген соң сөздікпен қайта жазамын. Ол кезде мен орыс тілін білсем, сабаққа бармауым да мүмкін еді. Ал, тілді білмеген соң, керек сабақ екен деп бәрін оқи бересің.

Шәкірттері туралы

Шәкірттерім көп. Дәмір Елеусізов деген бала бар. Қазір Америкада жұмыс істейді. Нұрлан Смайлов бар, қазір СДУ-да істейді. Бекзат Жақаев деген жігіт бар. Болгарияға кетті. Когомология саласында жұмыс істейтін Шерәлі Ибраев деген бала бар. Бүкіл ТМД да оның деңгейдегі адам жоқ. Өте мықты. Екеуіміз «Ли алгебрасы» деген кітап   шығардық. Ол қазақ тіліндегі бірінші кітап.

Асқар Жұмаділдаев
©SZH.kz

Ғылым мен геннің байланысы немесе отыздан асқанда ғалым болу мүмкін бе?

Атақты Нобель сыйлығының бір лауреаты бар. Аты есімде қалмапты. Бәрін гендік тұрғыда түсіндіреді. Неге қаралардан математик шықпады? Неге баскетболистер көп шықты? Соны осы гендік тұрғыда түсіндіреді. Бірақ мен бұл пікірге қосылмаймын. Қаралардың да арасында математиктер бар, аз емес. Менің ойымша, бәрі еңбек етуге байланысты. Еңбек етсе, бәрі шығады.

Ғылым жасқа қарамайды. Енді отыздан кейін математика кішкене қиындау болуы мүмкін. Өйткені бала-шағаң болады дегендей. Ертең келіншегің нан тап десе, математика жайына қалады. Ерлан Сағадиевтің «Фуд мастер» өнімдерінде «Сапалы өнім асықпай жасалады» деген жарнама бар. Сол сияқты математика да көңіл бөлгенді, асықпай отырғанды жақсы көреді. Ал бала-шағаң бар кезде олай отыра алмайсың. Ондайда математика қашып кетеді. Бұл тұрмыстық тұрғыдан.

Физиологиялық тұрғыдан алсақ, алпыс жасқа келіп те оқуға түсіп жатқандар бар. Бірақ олардан бірдеңе шығыпты дегенді естімедім. Мысалы Ілия Жақанов жетпіске келіп суретшілікке түсіп, диплом алыпты. Мен де сөйтетін шығармын (күліп). Менің ең бірінші дипломым қандай екенін білесің бе? Ол Мұзафар Әлімбаев қол қойған «Балдырған» журналының дипломы. Сурет салғаным үшін берген (күліп).

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

32 пікір

  1. Керемет! Осындай кісілердің қатары көп болса ғой, шіркін!!! Өркениетті елдердің қатарына іс жүзінде қосылар едік…
    “Махаббат қызық мол жылдарды” әдемі оқыпты, иә?..) Айтпақшы, тақырыпты “Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз керек” деп өзгерте алады ма екен, а?

  2. Өте жақсы сұхбат! “Сұрақ-Жауаптың” қыз-жігіттеріне үлкен Рахмет! Сіздер жәй ғана жеңіл-желпі ақпарат таратып, рейтинг қуып жүрген жоқсыздар. Сіздер де сауаттылық, кәсібилік, креатив пен идеялар бар. Жас буынның сайты екені білініп тұрады. Ал, бұл сайтты жасап отырған Ербол деген жігітке тек сәттілік пен табыс тілеймін! Біздің болашақ министрлердің қатарынан көрініңіз! Сайттарыңызға кіріп мен сияқты мотивация алып, рухани демалатын жастар көп болсын! Ақжарқын сізге де рахмет! Қаламыңыз ұштала берсін!

  3. Сұқбат осындай болу керек. Қоғамға, ғылымға үлесі жоқ қарапайым адаммен де осылайша қызық, терең мазмұндағы сұқбат жасауға болады. Ол Əселдің (осыны жазған журналистің) қолынан келер еді. Оны тараулап, тақырып қойғаны көрсетіп тұр.
    Ал, Асекеңнің жайы бір бөлек. Төмен қарасаң мұхит, жоғары қарасаң мұзарт деген осы кісі.

  4. Керемет пікір! Осы сұхбатты оқымайынша менталды арифметикаға мен бір сиқырға қарағандай қызығатынмын. Сөйтсем… Рахмет!

  5. Адам урпагымен мын жасайды,-дейди.Аскар ага мын жасаныз.адамга терен ой тастадыныз.сиздин сухбаттарынызды жибермей окимын.бугинги сухбатынызды окып уялып та отырмын.казак тилин бай тил деймиз.алайда…ойткени устаз едим

  6. Өте жақсы тартымды сұхбат. Асқарға ғылымның биік асуларына қажымай-талмай жете беруіңізге тілектеспін.Сұхбат алушыларға шығармашылық табыстарға жете беріңіздер.

  7. Керемет! Кейде біздің кейбір жазушы, журналистеріміз жазуды Асқар ағадан үйрену қажет деп ойлаймын. Журфакқа түсе алмаса да табиғи талантын жоғалтып алмай, өз бетімен биікке шыққан. Білім аламын деген адамға ештеңе кедергі емес деген сөзінің дəлелі – өзі. Шынында керемет!

  8. Осы Асқар аламыз сөмкем ауыр демей аудандағы жалғыз мектепке жаяу қатынап оқыды Ал қазіргі балаларға ауыр көтеруге болмайды үй тапсырмасын беруге болмайды ұруға болмайды деп өбектейміз келіп Олар қандай адам болады өскенде

  9. Ғалымның аты ғалым ғой шіркін! Жүзбе-жүз сөйлеспей-ақ кішкентай бір сұхбатын оқығанның өзінде қаншама сергіп, өзіңді бір жақсы сезініп қаласың! Қасында жүрген адамдарға қандай рахат,ә?!
    Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы ғой Асқар ағамыз! Жүз жасаңыз!

  10. Жасай бер , Асқар аға! Қазақтың бірегей азаматысыз. Сіз туралы мақала, сұхбаттарды іздеп жүріп оқимын.Өмірге көзқарасыңыз, айтар ойыңыз, пікіріңіз ешкімге ұқсамайды. Дара да дана адамсыз! Сізден үлгі алатын қазақ азаматтары көп болсын!

  11. Жасай бер Асқар аға! сіз туралы мақала, сұхбаттарды іздеп жүріп оқимын. Болашақта х!+1=у2 теңдеу шешілсе “Асқар”деген атауды беруді ұсынамын.Сіздің ой пікіріңіз ешкімге ұқсамайды. Сіз дара да дана тұлғасыз! Аман болыңыз!

  12. Өте жаксы жазылған мақала. Асқар ағаның сұхбаты ғылымға,қазаққа жанашырлығын көрсетеді. Менің қолымда болса Асқар ағаны Білім және Ғылым министірі етіп тағайындаушы едім. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

  13. Мен математика муғалімімін. Ол жолға түсу себебім осы Асқар ағаға еліктедім. Əнгімесін тыңдасаң əр айтқан ой пікірі еш бояусыз,дəлелмен сауатты. Бул да математика ғылымының үлкен ерекшелігі. Асқар Жұмаділов мырза сізге, бақыт, денсаулық, шығармашылық табыс тілейім!

  14. Жақында “Қазақша алгебра және «Төрткен төртқара» атауы туралы” тақырыбымен басталатын ҚР ҰҒА академигі, белгілі математик-ғалым бауырымыз Асқар Жұмаділдаевпен сұхбат жарияланыпты осы порталда.
    Сонда Асқар мынадай теңдеу шешуді ұсыныпты: x!+1=y2 (y квадрат). Бұл теңдеудің шешуі y шамасына қойылатын талаптарға байланысты. Егер оған бүтін болсын деген талап қойылмаса, онда шексіз көп шешімі болады: әрбір x=0, 1, 2, … мәні үшін шешімдер мына екі жиынды {x, (x!+1)½} және {x, -(x!+1)½} құрайды! Солардың ішінде 2-шама бүтін болып келетіндері болады, солардың біреулері {4, +5}; {4, -5}, ал қалғандарын мына алгоритммен табамыз: i:=0; x:=4; EN IF mod((x!+1)½, 2)=0 THEN i:=i+1; y1:=(x!+1)½; print(“екі бүтін i-ші шешім табылды: “, {x, y1}, {x, -y1}) ELSE x:=x+1; GOTO EN; Егер x шамасының өзгеруіне жоғарыдан шек қойылмаса, бұл үрдіс шексіз кете береді де барлық бүтін шешімдерді тауып бермек, ал егер-әки ондай шек қойылса, мысалға x<=10 млн, онда алгоритм сол шекке дейінгі қосарлас бүтін шешімдерді тауып береді!
    Дәуренбек, ЕҰУ профессоры +77013677933.
    segiz-seri@yandex.ru
    Менің осы дұғай сәлемімді Асқарға жеткізсеңіздер – деген өтінішім бар. Істеріңізге сәттілік!

  15. Мен “Домбыра софт” атты домбыраға арналған компьютерлік бағдарламаның авторы едім. Осы бағдарламаны іске асыру үшін маған програмисттер қажет болды (өзім домбырашымын). Интернет арқылы берілген хабарламама бір де бір Қазақстандық физик-математик (программист) жауап бермеді. Есесіне Ресей, Украина тағы басқа елдерден фрилансерлер менен проекттің бюджетін, оның ерекшілігін сұрағандар көп болды. Ақыры софт Ресей, Украина программистерінің көмегімен жарық көрді. Осыған қарағанда Қазақстанда математика ғалымы Асқар ағамыз ғана деп қалам. “Домбыра софтқа” сілтеме: https://www.youtube.com/results?search_query=%D0%B4%D0%BE%D0%BC%D0%B1%D1%8B%D1%80%D0%B0+%D1%81%D0%BE%D1%84%D1%82

  16. …….біз далақбайлық әдіске көп бой алдыртып алдық. Бұл сөзде көп мән бар. Дәл айттыңыз аға. Мұғалімдерді 3 айлап оқытып жатқан әдістердің қаншалықты қажеті бар еді.

  17. Аскар таудай болган Аскар агам , аман болыныз! Оте дурыс талдап жане оте тусиникт етип айтып бердиниз! Рахмет! Ана жерде анадай мына жерде мынадай шыгыпты онын тубегейли манине жетпей баланы тыккылай беремиз басын катырып. Арине менимше кобисиники акша жасау онай жолмен … осындай жанашыр мыкты билимди , коз ашык азаматтарымыз аман болса екен!

  18. Неге айтылмады.? Бастауыш сыныптың əр ұстазы тиімсіз екенін айтып
    ата анаға ақыл кеңестерін беріп жүрді.
    Асқар аға қазақ балалары үшін не істеді дейсіз ? Асқар ағаның Асқар екендігінің өзі ұрпаққа өнеге. Ғалымның бəрі балаларға арналған əдістеме оқулық жазсын дегенді кім шығарды. ? Жай мұғалімнің пікірін құлағына да қыстырмайтын жас аналар енді Асқардай ұлы тұлғаны да беттен алуға көшті ме?
    Дер кезінде айтылған дұрыс кеңес. Асқар аға осы кеңесіңіздің өзі адасқан ментальдыларды дұрыс жолға салады.

  19. Шет ел ғалымдарының ғылыми жетістіктері мен жаңалықтарын орысшадан емес тікелей сол тілден қазақ тіліне аударып сол жаңалықтарды интернет ғаламтор жүйесіне күнделікті енгізіп отыратын орталықтар ашу керек. Бұл мәселені мемлекет арқылы және меценаттар арқылы қаржыландырып отыру керек деп ойлаймын.

  20. Инфопактор жаздыруға міндеттей бермей сапалы ғылыми шығармаларды аударуға міндеттесе қазақ тілі ғылымға енеді.

  21. Қазақ тілін нағыз ғылым-білім, технология тіліне айналдырудң негізі ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ! БҰЛ ҰЛТЫН ШЫН СҮЙЕТІН ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕЛ БАСШЫЛЫҒЫНА КЕЛГЕНДЕ МҮМКІН БОЛАТЫН, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫНЫҢ БІРІ БОЛУЫ ТИІС ЕДІ! Амал бар ма???? АЛ, ЕНДІ КҮТУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ!!! РАББЫМ АЛЛАДАН, СОЛ КҮННІҢ ТЕЗ ТУУЫН ТІЛЕП СҰРАЙЫҚ!

  22. Асқар Жұмаділдаевтың ешкімге тәуелсіз ой-пікірлеріне тәнті боламын…
    Кез келген тақырыпқа да дайындықсыз-ақ сұхбат беруге қауқары жететін
    өзіне ғана тән парасаты бар азамат.
    Менің түсінігім бойынша, осындай азаматтың шәкірттерінің отыратын тұғырының биік болуы да заңды деп ойлаймын!!!

  23. Профессор Асқар Жұмаділдаевпен қалай қабарласуға болар екен ? математика жөнінде академткалық кеңес сұрайын деп едім.
    Тел, Емаил, кеңсе бәрі болады.

    қазақ тілін ғылымға араластыру үшін, ғылми жаңалықты қазақша жәриялау қажет, көп көп. менде сондай бір жаңалық бар еді. бір математика есеп шығару кепек болып тұр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!