Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге 1414 нөмірінен SMS хабарлама келуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Комитеттің мәліметінше, бұған дейін салық органдары әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізуді толықтай электрон форматқа көшірген болатын. Осыған байланысты салық төлеушілерді уақтылы әрі ыңғайлы түрде хабардар ету үшін жаңа функционал іске қосылды.
Енді мемлекеттік кірістер органына келу туралы хабарламалар электрон салық төлеуші ретінде тіркелген азаматтарға цифрлық форматта жолданады. Хабарландыру бірнеше арна арқылы жеткізіледі. Атап айтқанда, салық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіндегі салық төлеушінің жеке кабинетіне, электрон үкіметтің веб-порталына және қосымша ретінде 1414 нөмірінен ұялы телефонға SMS хабарлама жіберіледі, — делінген хабарламада.
Комитет өкілдері 1414 нөмірінен келетін SMS хабарламалар тек ақпараттық сипатта болатынын атап өтті. Мұндай хабарламалар арқылы қандай да бір төлем жасау немесе сілтеме арқылы өту талап етілмейді.
Мемлекеттік кірістер комитеті алдағы уақытта цифрлық сервистерді кезең-кезеңімен кеңейтіп, салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімдігі мен тиімдігін арттыруды жоспарлап отыр.
