Елордада қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру рейдтері жалғасып жатыр.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Өткен жылдың 27 желтоқсанынан бері мамандар кафе, мейрамхана және асханаларды тұрақты түрде аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп жатыр. Қазіргі таңда шамамен 270 нысан қамтылған. Рейд барысында электр сымдары мен желдету жүйелерінің жай-күйі, сонымен бірге бастапқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы мен жарамдылығы тексеріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен қызметкерлерге электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібі түсіндіріледі. Алматы ауданында мұндай тексерулер қоғамдық тамақтану саласындағы 10 нысанда жүргізілді, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, өткен жылы Астанада қоғамдық тамақтану орындарында 50-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты алдын алу іс-шаралары күшейген.
