Автожолдар 2027 жылға дейін толық интернетпен қамтылады

Қазақстанның республикалық маңызы бар трассаларында интернет пен ұялы байланыс сапасы түбегейлі жақсармақ. Енді жолаушылар елді мекендердің арасындағы «соқыр аймақтарда» (байланыс жоқ жерлерде) да желіден қол үзбейді, деп хабарлайды Baribar.kz.

Жобаның негізгі мақсаты мен мерзімдері

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ (ТТС) Қазақстанның автожолдары бойында тұрақты мобильді интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылымды салу туралы келісім жасасты.

Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда және «ақтаңдақтарды» (белые пятна) – яғни байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін жол учаскелерін жоюға бағытталған.

Енді жүргізушілер мен жолаушылар жолда интернетті пайдалана алады: навигация, шұғыл қоңыраулар, сондай-ақ банк және мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады. Республикалық трассалардағы жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарда – 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жобаны қаржыландыруды бюджет қаражатын тартпай-ақ, толығымен «Транстелеком» өз мойнына алады.

Жалпы алғанда 40 мың шақырымнан астам автожолды байланыспен қамту жоспарлануда. Ол үшін 500-ден астам антенна-діңгек құрылыстары мен базалық станциялар салынады.

«Жол бойында тұрақты байланыстың болуы жол қозғалысы қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады, шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуін жақсартады және көлік ағынын басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізуге жол ашады», – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, «Транстелеком» құрылатын инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторларының пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл таңдалған байланыс операторына қарамастан, қамту аймағын кеңейтуді жеделдетуге және азаматтар үшін мобильді қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.