Еске сала кетелік, бұған дейін әскери сержант Мұхтар Өрбісінов өз үйі маңындағы «Атаба» супермаркетінде есінен танып қалған 1,5 жастағы Мәдинаны өлімнен құтқарып қалуға көмектескенін хабарлаған едік. Ол өзі шақырған «жедел жәрдем» биргадасы келгенге дейін фельдшер мамандығын меңгерген әйелі Самалмен бірге кішкентай бөбектің дене қызуы түсуіне, өз-өзіне келуіне қол ұшын созған болатын.
«Жедел жәрдем» бригадасы ерлі-зайыпты Мұхтар мен Самалдың алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсеткенін жоғары бағалады. Ал Мәдинаның әкесі Ерболат Дәулетқалиев әскери бөлім басшылығына сержант Мұхтар Өрбісіновтің қызының өмірін сақтап қалуға көмектескеніне алғыc білдірген хатын жолдады.
Ұлттық гвардия «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қ.Ақтановтың бұйрығымен келісімшарт қызметінің сержанты Мұхтар Өрбісінов «Қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні арнайы өткізілген салтанатты шарада №5546 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы Е.Юдин тапсырды.