Министрліктің бастамасымен салалық нормативтік құқықтық актілерге кешенді талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтар енгізілді.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің жазуынша, бұған дейін ұстаздар министрдің қабылдауында болып, білім беру саласында қабылданған кейбір бұйрықтардың бір-біріне сәйкеспейтініне және педагогтарға артық әкімшілік жүктеме түсіретініне назар аударған. Осыған байланысты жаңа жұмыс тобы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің заңнамаға сәйкестігін, өзара қайшылықтарының бар-жоғын құқықтық тұрғыда зерделемек.
Министрлік педагогтік қауымдастықпен бірлесе отырып, нормативтік базаны заман талабына сай жаңғыртуды көздеп отыр. Талдау барысында цифрландыру талаптарына басымдық беріліп, құжаттардың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар педагогтар мен білім беру ұйымдары үшін түсініксіз немесе артық формализм тудыратын талаптарды оңтайландыру жоспарланған.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жұмыс тобының басты мақсаты – педагогтармен кері байланысты күшейтіп, барлық ұсынысты ашық талқылау.
Біз он негізгі бағыт бойынша барлық нормативтік құқықтық актілерді қамтитын талдау жүргіземіз. Оның нәтижесінде нақты ұсыныстар пакеті әзірленеді. Әр бағыт бойынша қорытындылар келесі жылдың ақпан айында бөлек-бөлек талқыланады, – деді министр.
Жиын барысында педагогтар аттестаттаудан өткізу қағидаларын қайта қарау мәселесін де көтерді. Әсіресе, аттестаттау кезінде педагогтардан авторлық бағдарламалар әзірлеуді талап етуге қатысты ұсыныстар көп түскен.
Қазіргі таңда «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және оны практикада қолдану. Бұл бағдарламаларға республикалық деңгейде сараптаманы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптамалық кеңес жүргізеді.
2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Соның 303-і мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген. Бұл әрбір екінші ұсынылған жұмысты толықтыру қажет екенін көрсеткен.
Министрдің айтуынша, авторлық бағдарламалардың басым бөлігі мазмұндық және техникалық талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар мұндай талап педагогтардың уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің артуына себеп болған. Мақұлданған бағдарламалар тізімі академияның ресми сайтында жарияланғанымен, олардың білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайтыны да атап өтілді.
Аттестаттау талаптары педагогтың нақты кәсіби нәтижесіне бағытталуға тиіс. Формалды құжат айналымын қысқартып, мұғалімнің шығармашылық әлеуетін ашуға және кәсіби шеберлікті әділ бағалауға мүмкіндік беруіміз қажет, – деді министр жұмыс тобы мүшелеріне.
Алдағы уақытта «педагог-шебер» санатына қойылатын талаптардан авторлық бағдарламаларды әзірлеу алынып тасталып, оның орнына педагогтың кәсіби құзыреттілігін нақты бағалауға және оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға бағытталған баламалы тетіктер енгізу жоспарланып отыр.
