Павлодарда жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге желі тартылған

Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету барысында бірқатар жүйелі кемшіліктер анықталды.

Бұл туралы жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеп отыр.

Оның айтуынша, жүргізілген аудит жекелеген жобалар бойынша қаржыландыру көлемінің асыра көрсетілгенін, ал шығыстардың жеңілдікпен берілетін кредиттердің мақұлданған сомасына жасанды түрде сәйкестендірілгенін көрсетті.

Құқықтық тұрғыдан талап етілетін жобалық құжаттама бар, кредиттер өтеліп жатыр. Алайда артық қаражат өзге жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Құнын дұрыс есептемеу салдарынан бір ғана жоба бойынша 20 миллиард теңге, яғни қарыз сомасының 16%-ы игерілмей, күші жойылған, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде кейбір бизнес субъектілерінің меншік иелеріне дивидендтер төлегені анықталған. Мұндай төлемдерге тікелей тыйым салынбағанымен, мемлекеттік қолдау сомасынан асатын дивидендтердің төленуі алаңдаушылық тудырады.

Аудит барысында жобаларды қаржыландыру кезінде қаражатты түпкілікті алушыларға жеткізу процесінің баяулығы да анықталған. Кейбір жобаларда қарсы міндеттемелер формалды сипатта болған.

Мемлекеттік қолдау алушылар үшін нақты қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс. Олар орындалмаған жағдайда қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай талаптар барлық жерде көзделмеген. Мысалы, Павлодар облысында іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 миллиард теңгеге инженерлік желілер тартылған, – деді ЖАП төрағасы.

Сонымен қатар кейбір жобада оңай орындалатын қарсы міндеттемелер белгіленген. Мәселен, 37 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген бір жоба бойынша жұмыскерлер санын небәрі 1 адамға ғана арттыру талап етілген.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау көбіне қолмен жүргізіледі, бұл деректерді манипуляциялауға жол ашады. Сонымен қатар операторлардың көпшілігі міндеттемелер орындалмаған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдануда субъективті ұстаным танытып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да