Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Желтоқсан құрбандарының ақтық сөзі қандай болды?

Иллюстрация: Алмас Борис/Baribar.kz
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар саяси қудалана бастады. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 жылғы жазда КОКП Ок қаулысы шығып, Желтоқсан көтерілісі «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағаланды. Ал шын мәнінде Желтоқсан көтерілісі қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берген еді.
Baribar.kz Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қаза болған батырлардың ақтық сөзін ұсынып отыр.

Қайрат Рысқұлбек: «Қорлай да беріп қайтадан, титыққа орыс жетпесін»

Қайрат Рысқұлбек 1986 жылғы күзде бұрынғы Алматы архитектура-құрылыс институтына оқуға түскен. Сол институттың №1 жатақханасының 17 секциясында тұрған. Желтоқсан көтерілісе алаңда «қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр» дегенді естіп, оларды қорғау үшін барған.

Алайда оған «милиция сержант А.А.Алмабековті ұрып-соқты және жасақшы С.А.Савицкийды өлтірді» деген жалған айып тағылған. 1987 жылғы 25 мамырда Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Қайрат Рысқұлбек, Қайыргелді Күзембай, Жамбыл Тайжұмай пен Ертай Көбесбайлардың ісі тергеле бастады.

Қайрат Рысқұлбеков
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтар сот залында, Алматы, 1987 жыл. Фото: Юрий Беккер
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар, 2022 жыл. Фото: Abai.kz

Қайрат Рысқұлбек әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін жаза 20 жыл бас бостандығынан айырылсын деген үкімге өзгерді. Алайда 1988 жылғы 21 мамырда камерасынан оның денесі табылды. Денесі ата-анасына берілместен, Семейде жерленді.

1992 жылғы 21 ақпанда Қайрат Рысқұлбек толық ақталды. Кейін Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында «Халық Қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені берілді.

Қазақ КСР-і Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылғы 16 маусымдағы үкімі арқылы Қайрат Рысқұлбек ең үлкен жаза – өлім жазасы, яғни атуға бұйырылды. Сот үкім оқып болған соң, одан «Ақтық сөзің не?» дегенде, Қайрат Рысқұлбек мына атақты өлеңін оқыған еді:

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
«Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!»

Ұлы Ленин бабамыз
Қатарға тең деп тартқан соң,
Компартия басқарып,
Достық отын жаққан соң,
Аға дедік орысты,
Әділдігі жаққан соң.

Ал енді қазір неткен күн,
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қатарым жусап қалғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң, сәлем айт,
Сырттағы құрбы-досыма.

«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.

Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден
Қарадай көңілің қалмасын.
Ленин салған сара жол.
Қолдаушысыз болмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!

Ләззат Асан: «Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді!»

Ләззат Асанова
Ләззат Асанова. Фото: Azattyq.org

Ләззат Асан 1970 жылы Алматы облысындағы Ақжазық ауылында туып, өскен. 1985 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен. 1986 жылы 16-18 желтоқсан күндері Орталықтың билеп-төстеуіне наразылық білдіріп, қазіргі Республика алаңына «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранға қосылып шыққан. Көтерілістен соң Ләззат Асан қамауға алынады.

Оны «төбеден секіріп кетті» дейді. Алайда Ләззаттың анасы қызының денесін ашып көргенде басына соққы тигенін білген.

Ләззаттың анасы Алтынай Асан қызының денесін әкелген кез туралы былай дейді: «Менің де аузымды қақпайлап, сүйекті аштырғысы келмеді. Бірақ мен оған көнбедім, денесін аштырып көрдім. Байқағаным, төрт мүшесі түгел сау, тек шүйдесі ғана ойылған. Менің ойымда бесінші қабаттан құлаған адамның денесі мұндай болмайды деген алғашқы күдік пайда болды».

Ербол Сыпатай: «Қыздар құтылды ма?»

Ербол Сыпатаев
Ерболдың әскерде жазған хаты. ©baribar.kz

Ербол Сыпатай Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген. Желтоқсан көтерілісі уақытында Алматы қаласында энергетика институтының 2-курс студенті болған. 18 желтоқсанда түнде алаңда қазақ қарындастарын құтқарып жүргенде басына соққы қатты тиген. Сөйтіп ауруханаға түсіп, 23 желтоқсанда көз жұмған.

Журналист, жазушы Қайым-Мұнар Тәбей Ербол Сыпатай туралы былай дейді: «Сырт киімдерінің дал-дұлы шығып жыртылған, шашы қобырап, есі шыға қорыққан қос бойжеткенді екі қолтығына алып, көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгіреді. «Ештеңеге қайырылмаңдар, үлкен көшеге шығып кетіңдер!» деп, қыздарды қалың әскердің қоршауынан шығарып үлгереді. Сол сәтте, арт жағынан келіп жеткен жендеттер сапер күрегімен ұрып, жерге құлатады. Етпетінен түскен Ербол ет қызуымен атып тұрып, бір солдаттың қолындағы күректі жұлып алады. Өзі де әскерде болған, спортпен айналысқан епті жігіт қой. Бірақ ешкімді ұрмай, тек қорғанумен жүреді. Сол кезде шүйдесіне тиген екінші ауыр соққыдан ес жоғалтты…»

Ауруханда КГБ тыңшылары үш күн бойы Ерболдың палатасының есігін күзетеді. Есін жия сала жауап алмақшы. Сонда дәрігерлердің қайран қалғаны – есін бір жиған сәтте Ербол «Қыздар құтылды ма?» деп сұрапты. Ақтық сөзі осы болыпты…

Сәбира Мұхамеджан: «Бәріне кінәлі — мен»

Сәбира Мұхамеджан
Сәбира Мұхамеджан. Фото: Azattyq

Сәбира Мұхамеджан 1986 жылы Өскемен қаласындағы педучилищенiң бастауыш кластарға мұғалiмдер даярлайтын қазақ бөлiмiнде оқып жатқан еді. Жасы небәрі 16-да болатын.

Тарихшы Қуаныш Қабидолда былай дейді:

Қаладағы Ленин  атындағы алаңға шыққан студент жастар тергеуге алынып, жазықсыз жазалана бастаған кезде Сәбирә Мұхамеджанова «Бәріне кінәлі – мен. Алаңға мен үгіттеп апардым. Оларды оқудан шығармаңдар. Шеруді де мен ұйымдастырдым» деп, бар «кінәні» өз мойнына алған. Тоқтаусыз тексерулер, орынсыз қорлау, жала жабу мен тергеуден жаны жараланған ол жатақхананың  бесінші қабатынан секіріп, мерт болды. Сол кезде ол педагогикалық училищенің небары екінші курс студенті еді…».

***

Тағы оқыңыз:

1986 жылғы желтоқсан: Газеттер не жазды?