Дәрігерлерді қорғау күшейеді: заң жобасы таныстырылды

Мәжілісте медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң жобасы таныстырылды.

Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері қорықшылармен тең дәрежеде қорғалады. Ол үшін қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу ұсынылып отыр.

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қорықшыға шабуыл жасағандарға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сол сияқты нормалар медицина қызметкерлеріне қатысты да қолданылатын болады.

Біз дәрігерлерді қорғау үшін ұсынылған арнайы баптың диспозициясын, санкциялары мен құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай етіп, тіпті сөзбе-сөз бердік. Адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да дәл сондай қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынып отырмыз, – деді Асхат Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.

Ол мысал ретінде хирургтар мен нейрохирургтардың кәсіби қабілетіне тікелей әсер ететін жағдайды келтірді. Айтуынша, төбелес кезінде қарапайым адамның саусағын сындыру орташа ауырлықтағы жарақат саналады, ал дәл сол әрекет хирургқа жасалса, оның салдары мыңдаған адамның өміріне әсер етуі мүмкін.

Хирургтың қолы – құтқару құралы. Бір саусақтың жарақаты мыңдаған отаның тоқтауына себеп болуы мүмкін. Жаза қатаң болуға тиіс дегеніміз осы, – деді депутат.

Ішкі істер министрлігі дәрігерлерді қорғау бойынша жаңа бапты қолдап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да