Жетісу облысында бірқатар медицина ұйымында медициналық қызмет көрсетуге қажет сертификаттар мен лицензияларсыз қызметкерлердің жұмыс істегені анықталды.
Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлап отыр.
Тексеру нәтижесінде Каратал ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарында заң талаптарының өрескел бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда:
-
Құжатсыз жұмыс істеген 20 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
-
Олардың арасында орталық аурухананың бас дәрігері және оның екі орынбасары бар;
-
Жалпы салынған айыппұл көлемі 4 049 960 теңге болды.
Прокуратура сонымен қатар халықты вакцинациялау тәртібінің бұзылғанын анықтады. Бұл факті бойынша:
-
төрт ауылдық аурухананың меңгерушісі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып,
-
әрқайсысы 157 280 теңге айыппұл төлейтін болды.
Тексеру барысында құқықтары бұзылған 148 адамға, оның ішінде 100-ден астам балаға қатысты шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, 12,8 миллион теңге бюджетке қайтарылды.
Прокуратураның айтуынша, заң талаптарының сақталмауы тұрғындар денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңірдегі медицина мекемелеріне бақылау күшейтілетін болады.
