Ресей заңдарына сүйенеді: «Детский мир» дүкенінің дауы

Не болды?

Оралдың №2 сотында тұтынушы Руслан Сатыбалдиннің «Детский мир – Қазақстан» ЖШС-ға қарсы арызы қаралды. Дүкеннің кеңесшісі тауар қайтару жүйесін түсіндіру кезінде Ресей федерациясының заңнамасын сілтеген.

Мәлімет

Руслан Сатыбалдин «Детский мир – Қазақстан» дүкенінен жөргек сатып алып, кейін оны қайтармақ болған. Тауарды қалай қайтаруға болатынын білу үшін мобайл қолданбадағы онлайн-чатқа жазған. Алайда қызметкер Қазақстан емес, Ресей заңдарына сілтеме жасап, жауап берген.

Руслан, күткеніңіз үшін рақмет. Бұл тауар сапалы тауарлар қатарына жатады. Сондықтан Ресей федерациясы үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысы бойынша, оны қайтарып немесе айырбастай алмайсыз, – делінген хабарламада.

Тұтынушы бұған наразы болып, сотқа шағымданған. Тұтынушы ретіндегі құқығы бұзылғаны үшін 400 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен.

«Детский мир» дүкені не дейді?

«Детский мир – Қазақстан» ЖШС өкілі бұл жауап оператордың қатесі екенін, оның әдейі жасалмағанын айтты. Компания кеңесшісі тек ақпарат бергенін, қате сатып алушының тауарды қайтару немесе өтемақы алу құқығына әсер етпегенін айтып өтті. Русланға кешірім сұрағаны ретінде 6 580 теңге бонус берген.

Мемлекеттік орган пікірі

Іске БҚО сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілі қатысып, талапкердің ұстанымын қолдады. Ол басқа елдің заңдарына сілтеме жасау тұтынушы құқығын қорғау туралы заңнаманың талабын бұзу екенін айтты.

Сот қандай үкім шығарды?

Сот Руслан Сатыбалдиннің тауарды қайтарғанын және компания міндеттемесін орындаған деген үкім шығарды. Шетел заңнамасына сілтеу фактісі оның құқықтарын шектемеген және материалдық немесе өзге залал келтірмеген деген шешімге келген.

Сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 917 және 951-баптарына және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сүйене отырып, моральдық зиян тек заңсыз әрекет нәтижесінде дене немесе рухани зардап дәлелденсе ғана, өтелетінін айтып өтті.

Сот Руслан Сатыбалдиннің уәжі дәлелденбеді деп шешті.

Естеріңізге салайық, сатушы тұтынушы шағымына неге 10 күн ішінде жауап беруге тиіс екенін мына жерден оқыңыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да