Сатушы тұтынушы шағымына 10 күн ішінде жауап беруге тиіс 

Не болды?

Елімізде жарамсыз тауар немесе қызмет сатқан сатушы тұтынушының шағымын 10 күнтізбелік күн ішінде қарауға міндетті. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлап отыр.

Мәлімет

Сатушы, орындаушы немесе өндіруші тұтынушының құқығын бұзса, шағымды қарауға, 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге және растайтын құжаттарды қоса беруге міндетті.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 42-4-бабы бойынша, тұтынушы құқықбұзушылықты жоюды, тауар немесе қызмет сапасыздығынан келген залалды өтеуді талап етуге құқылы.

Хат қалай жазылады?

Наразылық хат еркін түрде жазылады. Онда мына нәрселер көрсетілуге тиіс:

  • қандай құқықтары бұзылғаны;
  • тауардың немесе қызметтің кемшілігі;
  • тұтынушының талабы (ақшаны қайтару, тауарды ауыстыру, кемшілікті жою және т.б.).

Қайда жолданады?

• тікелей сатушыға (қабылданғаны туралы белгі алуы қажет);

• пошта арқылы сатушының заңды мекенжайына;

• электрон түрде (e-mail немесе онлайн жүйелер арқылы).

Сатушы жауап бермесе…

Сатушы жауап бермесе немесе заңбұзушылықты жоюдан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға жүгінуге, тұтынушылардың құқығын қорғауға жауапты мемлекеттік органдарға шағым түсіруге, қажет болса, сотқа арыздануға құқылы.

Мысал

Түркістан облысының тұрғыны онлайн 350 000 тг-ге төсек-орын сатып алған. Алайда жеткізілген кезде бір жамылғы жетіспеген. Сатушыға жазған наразылық хатына жауап болмаған соң, тұтынушы «Е-Өтініш» арқылы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазған.

Департамент араласқаннан кейін сатушы қатесін мойындап, жетіспеген тауарды «Қазпошта» арқылы жіберген әрі тұтынушының 6 000 тг шығынын өтеген.